Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Астана қаласы әкімдігінің– «Астана қаласы мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ведомстволық ұйымы «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру дирекциясы» коммуналдық мемелекеттік мекемесінің қаржылық есептілігіне аудит жүргізді.
Аудит 2024 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің жылдық тізбесі шеңберінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен ведомстволық мекемелердің қаржылық есептілігінің дұрыстығын растау мақсатында өткізілді.
Аудит барысында жалпы сомасы 62 997,9 мың теңге болатын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Осы соманың 45 306,1 мың теңгесі тексеру кезінде өтелді, ал 17 691,8 мың теңгесі бухгалтерлік есепті түзету арқылы қалпына келтірілді.
Бұзушылықтар қатарында бюджет пен кассалық қызмет көрсету тәртібін бұзу арқылы пайда болған 45 360,1 мың теңге көлеміндегі дебиторлық берешек анықталды. Сонымен қатар, бюджет заңнамасының талаптарына қайшы келетін 16 848,3 мың теңге сомасындағы тағы бір дебиторлық берешек табылды.
Сонымен бірге, мекеме экономикалық шығындарды жіктеу бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер тіркелмей жасалған төлемдерді 795,4 мың теңге көлемінде жүзеге асырғаны анықталды, бұл бюджеттік қаражатты пайдалану тәртібін бұзады. Сондай-ақ негізсіз төлемдер тіркелді: пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін өтемақы 3,8 мың теңге және қызметкерге материалдық көмек 42 мың теңге, аталған сомалар мекеменің бюджетіне қайтарылуы тиіс.
Негізгі құралдарды уақытында есепке алмау салдарынан 2,3 мың теңге амортизация есептелмеді. Сонымен қатар, бас бухгалтерлер ауысуы кезінде бухгалтерлік құжаттаманы тапсыру тәртібі бұзылғаны байқалды, бұл мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережелеріне қайшы.
Аудит нәтижесі бойынша мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою және оларды жасаған тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолданды. Қарастыру нәтижесінде мекеме басшылығына сөгіс түрінде тәртіптік жазалау қолданылды.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ведомстволық ұйымдарда бюджеттік қаражаттың тиімді әрі заңды пайдаланылуын және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастыруда.