Қостанай облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен Қостанай облысының «ГрИн» Азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрағасы Үтебаева Д.К. өтініші негізінде Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасы (бұдан әрі – Мекеме) мемлекеттік мекемесінде жоспардан тыс аудиттік іс-шара жүргізілді.
Аудит 2024 жылдың қорытындылары бойынша Қостанай ауданының білім бөліміне ынталандыруға бөлінген 2 200,0 мың теңге бюджет қаражатын пайдаланудың негізділігін тексеруге бағытталды.
Анықталған бұзушылықтар:
Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 2 200,0 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Қостанай ауданының білім бөліміне ведомстволық бағынысты емес әдістемелік кабинетке арналған 14 дана кеңсе жиһазы негізсіз сатып алынған.
Аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар толық көлемде жойылды. Бюджет қаражаты қайтарылып, заң бұзушылықтардың салдары жойылды.
Аудит қорытындысы бойынша Мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама, сондай-ақ оларға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс жолданды.
Мекеменің ресми жауабына сәйкес, бір қызметкерге "ескерту" түрінде тәртіптік жаза қолданылған.