Қазақстан Республиксының 2024 жылғы 1 шілдедегі № 106-VII «Мемлекеттік сатып аул туралы» Заңында (бұдан әрі - Заң) көзделген мемлекеттік стапы алуды жүзеге асыру тәсілдерінің бірі – бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілі болып табылады.
Аталған тәсіл бәсекеге қабілетті болып табылмайды және тек қана заңнамада тікелей көзделген жағдайларда, яғни Заңның 16-бабының 3-тармағында белгіленген негіздерде қолданылады.
Павлодар облысы аумағында мемлекеттік ұйымдар атынан әрекет ететін тапсырыс берушілер бұл тәсілді келесі жағдайларда жиі қолданады:
- заңда айқындалған тұлғалармен шарт жасасу қажеттілігі туындаған кезде;
- коммуналдық қызметтерді және табиғи монополиялар саласына жататын қызметтерді сатып алу кезінде;
- біртекті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді олардың жылдық көлемі белгіленген шекті мәндерден аспайтын жағдайда сатып алу кезінде;
- шұғыл әрекетті талап ететін төтенше жағдайлар туындаған кезде.
Жалпы алғанда, Заңның 16-бабының 3-тармағында бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілін қолданудың 43 негізі көзделген.
Сонымен қатар, мұндай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 17-тарауымен реттеледі.
Айта кету қажет, заңнама мұндай сатып алулардың негізділігін дәлелдеуге қатаң талаптар қояды.
Осы тәсілді қолдану туралы шешім тапсырыс берушінің бірінші басшысымен немесе оның міндетін атқарушы тұлғамен қабылдануы тиіс.
Бұл тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға жеке жауапты болады.
Сонымен бірге, бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілін негізсіз қолданғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 207-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Айыппұлдың мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды (2025 жылға сәйкес – 393 200 теңге).
Осылайша, бір көзден сатып алу бәсекеге қабілетті тәсіл болып табылмағанымен, ол ашықтық пен айқындық қағидаттарының, сондай-ақ бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді пайдаланудың, сыбайлас жемкорлық құқық бұзушылықтарына жол бермеудің аясында қала береді.
Тапсырыс берушілер осы қағидаттарды қатаң сақтауға және осы тәсілді қолданған кезде өзге рәсімдерді қолдану мүмкін еместігін немесе мақсатқа сай еместігін айқындайтын құқықтық негіздер мен нақты себептерді көрсетуге міндетті.