Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады.
Есептік деректерге сәйкес, қызметтер 2025 жылдың І-жартыжылдығында 253 аудиторлық іс-шара жүргізіп, оның барысында 916,8 млрд теңге бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтер қамтылды.
Тексерулердің нәтижесінде жалпы сомасы 119,1 млрд теңгені немесе 12,9%-ды құрайтын бюджет және өзге де заңнаманың бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 14,3 млрд теңге, рәсімдік бұзушылықтар – 104,8 млрд теңге.
Аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою үшін 225 шешім енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке өтелуі, түрлі жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу және бухгалтерлік есепке алу арқылы барлығы 10,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар жойылды.
Жіберілген бұзушылықтар үшін аудит объектілерінің 211 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке, 82 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдарына 21 материал жолданды.
Аталған нәтижелермен қатар, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Комитет «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, ішкі аудит қызметтеріне электрондық аудитке қолжетімділік берді.