Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүргізілген аудит нәтижесінде бірқатар қаржылық бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда, басқарма тарапынан Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алуға берілген нысаналы ағымдағы трансферттер тиісті мақсатта пайдаланылмаған. Бұл қаражат нақты бюджет бағдарламасында көзделген мақсаттарға сәйкес бағытталуы тиіс болғанымен, белгіленген тәртіптер толық сақталмаған.
Осының салдарынан жалпы сомасы 203, 869 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар орын алған. Аудит бұл жағдайды бюджет қаражатын басқарудағы жоспарлау мен бақылаудың әлсіздігінен туындаған деп бағалап отыр.
Анықталған бұзушылықтар бойынша Ішкі аудит департаменті тарапынан нақты ұсыныстар беріліп, оларды жою үшін жауапты тұлғаларға шаралар қабылдау тапсырылды.
Мемлекеттік аудит қызметі бюджет қаржысының ашық, мақсатты және тиімді пайдаланылуы мемлекеттік басқару сапасының маңызды көрсеткіші екенін еске салады. Мұндай бұзушылықтардың алдын алу үшін бақылау шаралары жалғасатын болады.