Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына жүргізілген аудит нәтижесінде аса ірі көлемдегі қаржылық бұзушылықтарды анықтады.
Аудит барысында қаржы қаражатын басқару, қарыз шарттарын орындау және инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі бірқатар талаптардың сақталмағаны белгілі болды. Қоғам мен серіктестер арасындағы бірлескен қызмет туралы келісімдер шеңберінде қаражаттың пайдаланылуы тиісті тәртіпте ресімделмеген және бақылаусыз жүргізілген.
Соның салдарынан жалпы сомасы 5557, 34 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар орын алған. Бұл мемлекет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалмауының айқын көрінісі болып отыр.
Анықталған кемшіліктерге байланысты Ішкі аудит департаменті тарапынан тиісті ұсынымдар беріліп, оларды жою бойынша нақты шаралар қабылдау жүктелді. Сонымен қатар, бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесі қарастырылуда.
Мемлекеттік аудит мамандары бюджет қаржысының тиімді және ашық жұмсалуы ел экономикасының тұрақты дамуы мен қоғам сенімінің негізі екенін еске салады. Аудиттік бақылау алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.