Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде жүргізілген аудит нәтижесінде жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде елеулі қаржылық бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда, ғимаратты жер телімімен бірге сатып алу рәсімдерінде құжаттарды рәсімдеу, жұмыстардың орындалуын және мүліктің нақты берілуін растау талаптары толық сақталмаған. Бұл жағдай қаржы тәртібінің бұзылуына алып келіп, нәтижесінде жалпы сомасы 394, 284 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылық тіркелді.
Ішкі аудит мамандары тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсыныстар беріліп, оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар, жауапты тұлғалардың әрекетіне қатысты шешім қабылдау мәселесі қарастырылуда.
Аудит департаменті мемлекеттік қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуы – қоғам сенімінің негізгі тірегі екенін атап өтіп, осындай бұзушылықтардың алдын алу үшін бақылау жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табатынын хабарлады.