Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың бір түрі – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттелетін профилактикалық бақылау болып табылады.
Қаржы министрлігінің органдары тарапынан профилактикалық бақылау тексеру субъектісіне бару арқылы жүзеге асырылады. Ол аудит қызметі, бағалау қызметі, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеруге бағытталады және Қаржы министрі бекіткен профилактикалық бақылау субъектілерінің тізіміне сәйкес жүргізіледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық тексерістерді құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркейді.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен профилактикалық бақылау іс-шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, Сандықтау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Сандықтау Су» ШЖҚ КМК мен «Ақсай Дэн» ЖШС-де қаржылық есептілікті қалыптастыруда 102 млн теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды, сондай-ақ қаржылық есептілік туралы заңнама талаптарына сәйкес есептілікті ұсыну мерзімдерінің бұзылуы тіркелді.
Бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде Нұсқаулықтар енгізілді.
Профилактикалық бақылау саласында жүргізілетін іс-шаралар мемлекет күш-жігерін бұзушылықтардың алдын алуға, оларды өз бетінше жоюға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнес пен мемлекет арасындағы сенім деңгейін арттыруға бағыттауға мүмкіндік береді.