Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі – Департамент) қазіргі уақытта тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген жаңа ақпараттық жүйе арқылы бюджет қаражаттарының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына тұрақты түрде онлайн-мониторинг жүргізуде.
Аталған ақпараттық жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қаржылық операцияларды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы бөлінген бюджет қаражатына қатысты тәуекелді төлемдер уақтылы анықталып, бақылауға алынып отырады.
Мониторинг нәтижелері бойынша тәуекелі жоғары операциялар анықталған жағдайда, тиісті хабарламалар тұрақты түрде ұйымдарға, олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық департаменттеріне жолданады.
2025 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша:
Маусым айында жолданған хабарлама негізінде бюджет қаражатын негізсіз және артық аударған мектепке дейінгі білім беру ұйымына (балабақшаға) қатысты жоспардан тыс аудиторлық іс-шара басталды.
Сонымен қатар, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы бірқатар мектептер мен Қызылорда қаласындағы балабақшаларда да бюджет қаражатын негізсіз аудару фактілері анықталып, тиісті сома бюджетке кері қайтарылды. Аталған бұзушылықтарға жол берген жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданды.
Жалпы, жолданған хабарламалар негізінде анықталған артық төлемдердің жалпы сомасы 111 млн теңгені құрады. Оның ішінде 104,8 млн теңгесі бюджетке және білім беру ұйымдарының есепшоттарына қайтарылды.
Бұл көрсеткіштер Департамент тарапынан бюджеттік тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды алдын ала анықтау және оларды дер кезінде жою бағытындағы тиімді жұмыстың нәтижесі болып табылады.