Мемлекеттік сатып алу жүйесінде ештеңе ұсақ-түйек саналмайды. Техникалық сипаттамадағы әрбір талап, жеткізушіге қойылатын әрбір шарт – бюджеттік қаражаттың заңды, ашық және тиімді жұмсалуына тікелей әсер етеді.
Алайда Павлодар облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізіп отырған камералдық бақылау көрсеткендей, тәжірибеде кейбір ұйымдастырушылар міндетті талаптарды ескерусіз қалдырып жатады. Әсіресе бұл жағдай баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілетін сатып алуларда жиі кездеседі.
Мысалы, қызметкерлерді сақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде «Ауыл-Су» сияқты кейбір коммуналдық кәсіпорындар әлеуетті жеткізушілерден лицензияның болуын талап етпеген. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңында нақты көрсетілген және міндетті болып табылады.
Бір қарағанда – жай ғана формалдылық сияқты. Алайда дәл осындай «ұсақ кемшіліктер» үлкен мәселеге әкелуі мүмкін: қызмет көрсетуге құқығы жоқ жеткізушілермен келісімшарт жасалып, бұл заңбұзушылыққа және көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келуі ықтимал.
Департамент мұндай жағдайларды назардан тыс қалдырмайды. Әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданады – түсіндіру, алдын алу және болашақта мұндай бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Мақсат – тек мәселені анықтау емес, оның туындау себептерін жою.
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүйелі түрде мониторингтеу мен талдау жұмыстары жалғасуда. Басты мақсат – ашықтықты арттыру, заңдылықты сақтау және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндік қамтамасыз ету.
Тәртіп – ережені сақтаудан басталады. Әсіресе сөз мемлекеттік қаражат туралы болса.