Комитет Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының Ішкі аудит қызметінің 2024 жылға арналған жоспарлы бағалау нәтижелерін қорытындылады.
Жоспарлы бағалау қорытындысы бойынша Қызметтің тиімділігі «тиімді» деңгейінде – 80% деп бағаланды.
Сонымен қатар, бағалау Қызмет жұмысының әлсіз жақтарын да көрсетті. Атап айтқанда, бірқатар аудит іс-шараларын дайындау мен өткізу деңгейінің жеткіліксіздігі және тиімділік аудиті бойынша бұрын берілген ұсынымдарды іске асыру деңгейінің төмендігі байқалды.
Сондай-ақ, Қызметке жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауда кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мемлекеттік органның стратегиялық құжаттары мен аумақты дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу бюджет шығыстарымен, оның ішінде даму трансферттерін іске асыруды қоса алғанда, бюджеттік инвестициялар аясындағы өзара байланыста талдау жүргізілмейді.
Комитет Қызметтің кадрлық әлеуетін күшейтуді (оның ішінде белгіленген лимиттер шегінде штат санын ұлғайту есебінен) және оны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының проблемалық мәселелеріне жедел ден қоя алатын, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы мен қол жеткізілуін қамтамасыз ете алатын ішкі бақылаудың тиімді жүйесі деңгейіне дейін арттыруды ұсынды.
Сонымен қатар, жоспарлы бағалау шеңберінде өңірде Комитеттің мемлекеттік аудит органдарымен өзара іс-қимыл басқармасының өкілдері аудиторлық іс-шаралардың сапасын арттыру мәселелері бойынша құқықтық оқыту өткізді. Оған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит аумақтық департаментінің қызметкерлері де қатысты.