Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті (бұдан әрі – Департамент) 2025 жылдың II тоқсанында 43 аудиттік іс-шара жүргізді. Аудитпен қамтылған бюджет қаражатының жалпы көлемі 25,4 млрд теңгені құрады.
Тексеру барысында бюджет қаражатын пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылғаны анықталып, олардың жалпы сомасы 12,8 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда:
2,1 млрд теңге – қаржылық сипаттағы бұзушылықтар;
10,7 млрд теңге – рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар.
Анықталған қаржылық бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде 1,6 млрд теңге бюджетке қалпына келтіріліп, өтелді.
Тексеру қорытындысы бойынша 52 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 2 адам атқарып отырған лауазымынан босатылды.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою және бақылау тиімділігін арттыру мақсатында Департамент 35 нұсқама жолдады. Есептік күнге олардың 27-сі орындалды, барлығы толық көлемде іске асырылған.
Аудит барысында анықталған бұзушылықтарды талдау нәтижелері бірқатар нысандарда жалақыны есептеу мен төлеу тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жүйелі түрде бұзылатынын көрсетті. Сонымен қатар, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатының төленуі де тіркелді.
Мұндай жағдайлар бюджеттік тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін айғақтайды.