ҚР ҚМ ІМАК Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы сақтау шеңберінде тұрақты негізде камералдық бақылауды жүзеге асырады.
Жүргізілген бақылау барысында сатып алуды ұйымдастырушылардың әлеуетті өнім берушілерге негізсіз біліктілік талаптарын белгілеуінің жекелеген фактілері анықталды. Бір мысал - "Ақсу қаласының қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті сатып алуға орналастырған хабарландыру. Конкурсқа арналған құжаттамада тиісті рұқсаттың болуы туралы талаптан басқа материалдық және еңбек ресурстарының болуы туралы шарттар көрсетілген.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жұмыстарды орындауға немесе қызметтер көрсетуге конкурс өткізу кезінде, егер лицензияның не 1-ші немесе 2-ші санаттағы хабарламаның болуы туралы талап белгіленсе, материалдық және еңбек ресурстарының болуы туралы қосымша талаптар қоюға жол берілмейді.
Мұндай бұзушылықтарды анықтау фактілері бойынша Департамент тиісті ден қою шараларын қабылдайды. Аталған шаралар алдын алу сипатында болады және бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ сатып алуды жүзеге асыру кезінде заңдылық пен ашықтық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Департамент олардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін мониторингілеу және талдау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.