Қостанай облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қостанай ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде электрондық аудит жүргізді. Аудит Тобыл қаласында коммуналдық тұрғын үй қорына пәтерлерді сатып алуға бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтыды.
Тексеру барысында сатып алынған пәтерлердің бірқатары тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктеріне сай келмейтіні анықталды. Аталған сәйкессіздіктердің жалпы сомасы – 663,2 миллион теңгені құрады.
Департаменттің мәліметінше, қазіргі таңда анықталған бұзушылықтар жойылып, мекеменің жауапты лауазымды тұлғаларына тәртіптік шаралар қолданылған.
Бұл жағдай бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етудегі бақылаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Себебі, әрбір бюджет теңгесі қоғам игілігі үшін жұмсалуы тиіс – бұл мемлекеттің халық алдындағы басты міндеттерінің бірі.