Түркістан облысы, Төлеби ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан жүргізілген аудит нәтижесінде «ETNO-AYYL» жобасы шеңберінде көгалдандыру жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер мен қаржылық сәйкессіздіктер анықталды.
Атап айтқанда, жобаны жүзеге асыру барысында егілген 310 метрлік бұтақтар (кустарник) және 350 түп спирея көктемей, шықпай қалған. Шықпай қалған көшеттердің жалпы құны 1,54 млн теңгені құрайды.
Алайда, 2022 жылы отырғызылған бұл көшеттер бойынша, 2023–2024 жылдардағы ағаш отырғызу маусымында кепкен ағаштардың орнына жаңасын отырғызу жұмыстары Өнім берушінің тарапынан орындалмаған. Ең бастысы, бұл талапты орындау Тапсырыс беруші талап етілмегені анықталды.
Бұл жағдай көрсетіп отырғандай, көгалдандыру жұмыстарына жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан жобаның орындалуына тиісті бақылау жүргізілмеген. Нәтижесінде, бюджеттен бөлінген қаражат тиімді әрі мақсатты пайдаланылмай, табиғи ресурстарды қалпына келтіру мен экологиялық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жоспарлар толық орындалмаған.
Аудит нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шара қолдану және анықталған олқылықтарды жою жөнінде ұсыныстар берілді. Мемлекеттік жобалар аясында жүргізілетін жұмыстардың сапасы мен нәтижесіне деген талап күшейтілуі тиіс.