Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне жалақы төлеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылғы 1 қарашадан бастап «Онлайн бюджет мониторингі» атты жаңа цифрлық құрал қолданысқа енгізілді. Бұл жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қаржылық операцияларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беріп, тәуекелі жоғары төлемдерді дер кезінде анықтауға жол ашты.
2025 жылғы 13 маусымдағы жағдай бойынша жүйенің көмегімен жалпы сомасы 54,9 миллион теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Ең көп заңбұзушылықтар мәдениет саласына тиесілі болып отыр. Бұл ретте, әсіресе бухгалтерлерге жалақы сомасының бірнеше мәрте негізсіз аударылған фактілері тіркелді.
Мәселен, Теректі ауданындағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мекемесінде 46 миллион теңгеге жуық заңбұзушылық анықталып, оның 28,8 миллион теңгесі мекеме тарапынан мемлекетке өз еркімен қайтарылды. Бұл жағдай мемлекеттік аудиттің тиімділігін дәлелдеп отыр.
Анықталған фактілер бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тиісті материалдарды Теректі ауданының прокуратурасына жолдап, қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, Департамент тарапынан барлық мемлекеттік мекемелерге жалақы ведомостарын қалыптастыру кезінде ішкі бақылауды күшейту және бюджет заңнамасын бұлжытпай орындау қажеттігі жөнінде шолу хаты жолданды.
«Онлайн бюджет мониторингі» модулі — қаржылық тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етудің заманауи құралы ретінде өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. Бұл бастама цифрлық бақылау жүйесін дамыту мен мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы жауапкершілікті арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.