Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қаржылық бақылаудың тиімді құралдарының бірі ретінде әкімшілік өндірістерді белсенді түрде қолдануды жалғастыруда. 2025 жылдың алғашқы бес айында департамент мамандары тарапынан 263 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 27,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 18,4 млн теңге немесе 63,3% бюджетке өндірілді.
Ал қалған 9,1 млн теңге көлеміндегі айыппұлдар қазіргі таңда заңды күшіне енбеген немесе мәжбүрлеп өндіру сатысында.
Анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алулар саласына тиесілі. Атап айтқанда, қажетті рәсімдерсіз келісімшарттар жасасу, сондай-ақ жеткізушілерді адал емес қатысушы ретінде тану үшін сотқа кеш жүгіну жағдайлары жиі кездеседі. Бұдан бөлек, жалақы, іссапар және өзге де шығындарға байланысты негізсіз төлемдер тіркелген.
Департамент әкімшілік істер бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібін де белсенді пайдаланып келеді. Бұл ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне сәйкес, құқықбұзушыларға жаза қолданылған күннен бастап жеті тәулік ішінде айыппұлдың 50%-ын төлеуге мүмкіндік береді.
Мұндай тәжірибе айыппұлдарды өндіріп алу процесін жеделдетуге, сондай-ақ қаржылық бақылау шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік сатып алулар мен бюджет қаражатын басқарудағы тәртіпті күшейтеді.
Осылайша, әкімшілік заңнама нормаларын кешенді түрде қолдану – жергілікті деңгейде бюджет саясатының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік болып табылады.