2025 жылдың I тоқсанында Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен орналастырылған 5 133 лотты қамтып, камералдық бақылау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша сатып алулардың ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілеріне 133 хабарлама жолданды.
Анықталған заңбұзушылықтардың ең көп бөлігі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары талаптарының сақталмауымен байланысты. Аталған бағыт бойынша 54 хабарлама жіберіліп, бұл барлық бұзушылықтардың 40%-дан астамын құрап отыр.
Аудит нәтижесі көрсеткендей, негізгі мәселе — конкурс құжаттамасында әлеуетті жеткізушілер мен қосалқы мердігерлерден рұқсат құжаттарының немесе хабарламалардың болуына қатысты талаптардың көрсетілмеуі. Ал бұл құжаттар заңнамаға сәйкес белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін міндетті болып табылады. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, егер сатып алу нысаны мұндай рұқсаттарды талап етсе, тапсырыс беруші немесе ұйымдастырушы бұл талапты конкурс құжаттамасына енгізуі тиіс. Бұл норманы сақтамау мемлекеттік сатып алулардағы заңдылық пен ашықтық қағидаттарын бұзады, адал емес жеткізушілермен шарт жасасу қаупін арттырады, және нәтижесінде мемлекеттік бюджетке залал келтіруі мүмкін.
Бұдан бөлек, мұндай заңбұзушылықтар сатып алуларды жарамсыз деп тануға немесе жасалған шарттарды бұзуға негіз болады, бұл өз кезегінде қосымша уақыттық және қаржылық шығындарға әкеледі.
Ағымдағы жылдың I тоқсанындағы камералдық бақылау тәжірибесі рұқсат құжаттарына қойылатын талаптардың болмауы – ең жиі кездесетін жүйелі бұзушылықтардың бірі екенін көрсетті. Бұл мәселе тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар тарапынан жүйелі тәсілді, соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруды, конкурс құжаттамасын сапалы дайындауды және қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауды талап етеді.
Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алулар рәсімдерінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыра береді. Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану жолында кедергі келтіретін жүйелі бұзушылықтарды жоюға бағытталған қатаң шаралар қолданылатын болады.