Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамаларына сәйкес бюджет қаражатын пайдалану мәселесі 2024 жылғы қараша–желтоқсан айларында Қарағанды облысының Бұқар-Жырау ауданының мемлекеттік мекемелерінде сәйкестік аудиті барысында қаралды. Аудит келесі органдарда жүргізілді: Ботақара кенті әкімінің аппараты, білім бөлімі, құрылыс бөлімі, Бұқар-Жырау ауданы әкімінің аппараты.
Ботақара кенті әкімінің аппараты мамандарына еңбекақыны артық төлеу бойынша 211,5 мың теңге мөлшерінде қаржылық бұзушылықтарға жол берді, мекеменің активтері құрамына негізгі құралдардың 44 859,9 мың теңге сомасындағы құны есепке алынбаған. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді жеткізушіге 75,0 мың теңге сомасына қосарланған төлем жасалған.
Бухгалтерлік есепті тиісінше жүргізбеу және мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу 46 052,7 мың теңге сомаға рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады.
Қазіргі уақытта қаржылық бұзушылықтар жойылды, негізсіз төленген бюджет қаражаты жергілікті бюджетке қайтарылды, бухгалтерлік құжаттарда есепке алынбаған негізгі құралдар активтердің құрамына қосылды.
Білім бөлімінде еңбекке ақы төлеу бойынша 1 559,7 мың теңге артық төлем анықталды. Қатты отынды есептен шығару нормаларын асыра көрсету оның 1 211,0 мың теңгеге негізсіз есептен шығарылуына алып келді.
Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы (негізгі құралдар мен қорларды есепке алу шоттары бойынша дұрыс көрсетпеу), мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы (шарттарды орындауды қамтамасыз етуді енгізбеу, жеткізушіні адал емес қатысушы деп тану туралы сотқа жүгінбеу, айыппұлдарды өндіріп алмау) бұзу 629 465,9 мың теңге сомасына рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады, бірақ бұл негізсіз бюджет қаражатын пайдалануға алып келген жоқ.
Аудит барысында негізсіз төленген/есептен шығарылған сомалар жергілікті бюджетке қайтарылып, бухгалтерлік құжаттар арқылы негізгі құралдар мен қорлардың есебі қалпына келтірілді.
Бұқар-Жырау ауданы әкімінің аппаратында 15 318,0 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды: еңбекақы сомаларын бюджетке уақытында қайтару қамтамасыз етілмеген 70,2 мың теңге, әкімдік шатырының ағымдағы жөндеу жұмыстарының 15 247,8 мың теңге сомасына орындалуы нәтижесінде ғимараттың баланстық құны арттырылмаған.
Сондай-ақ, 8 708,1 мың теңге сомаға рәсімдік бұзушылықтарға жол берілген: тиісті шоттарда сомасы 4 526,3 мың теңгеге қорлар мен активтер көрсетілмеген; баланстан уақытында шығарылмаған антивирустық бағдарламалар мекеме активтерінің құнын 4 072,5 мың теңгеге асырып, амортизациялық аударымдарды 109,3 мың теңгеге артық көрсетуге себеп болған.
Аудит барысында қаржылық бұзушылықтар сомалары жергілікті бюджетке қайтарылып, бухгалтерлік есеп бойынша қалпына келтірілді.
Бұқар-Жырау ауданының құрылыс бөлімінде 2024 жылдың желтоқсанында бюджет қаражатын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарына сәйкестігіне аудит жүргізілді.
Аудит нәтижелері 2024 жылы мердігерлерге негізсіз алдын ала аванстық төлемдер жасалғанын көрсетті. Атап айтқанда, "Арай-НС" ЖШС-не Ғ.Мұстафин кентінде су қоймаларын салу жобасы бойынша 16 392,1 мың теңге аванс төленген, ал "КазЕвроСтрой" ЖШС-не Құшоқы ауылында су құбырын салу жобасы бойынша 174 737,4 мың теңге төленген.
Сондай-ақ, орындалмаған жұмыстар үшін төлемдер жасалғаны анықталды: "Astana Koktem Group" ЖШС-не Доскей ауылында 200 орындық клуб салу жобасы бойынша 52 923,0 мың теңге, ал "Construction Training Resources" ЖШС-не Ғ.Мұстафин ауылында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жобасы бойынша 40 725,0 мың теңге төленген.
Сонымен қатар, "ДАНЕКЕР" ЖШС-нің Бұқар-Жырау ауданының Сарытөбе, Қызылжар, Жанаталап және Асыл ауылдарында су құбырларын салу бойынша 2022 жылғы 5 сәуірдегі №20, 21, 22 және 23 шарттар бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін оны жосықсыз қатысушы деп тану туралы заңда белгіленген мерзімде сотқа талап арыз берілмеген.
Одан бөлек, құрылыс бөлімімен мемлекеттік сатып алулар шеңберінде "Бұқар-Жырау ауданының Ғ.Мұстафин ауылында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу" жобасы бойынша техникалық қадағалау қызметтерін көрсетуге "Әсем-Құрылыс-Қызылорда" ЖШС-мен жасалған шарттың сомасы 4 964,2 мың теңгеге негізсіз ұлғайтылған.
Аудит жүргізу барысында қосымша келісім арқылы "Әсем-Құрылыс-Қызылорда" ЖШС-мен шарт сомасы 4 964,2 мың теңгеге төмендетілді.
Аудит қорытындылары бойынша "Astana Koktem Group" ЖШС 52 923,0 мың теңге және "Construction Training Resources" ЖШС 40 725,0 мың теңге сомасындағы жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілді.