Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалардың бірі ретінде өзекті болып отыр.Сыбайлас жемқорлық – бұл қазіргі қоғамның жағымсыз көрінісі, оны үнемі мұқият зерттеп, жүйелі түрде, кешенді әрі жедел қарсы шаралар қолдану қажет. Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуды тежеп, инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, еліміздің имиджін төмендетеді.
Қуантатыны, мемлекетіміз бұл әлеуметтік індетпен белсенді күрес жүргізуде, оған дәлел – сыбайлас жемқорлықты азайту бағытында қабылданып жатқан нақты шаралар.
2022 жылғы 2 ақпанда Мемлекет басшысы 2022–2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжатқа сәйкес Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қалыпты тәсілдерінен қоғам санасын түбегейлі өзгертуге, халықтың кез келген жемқорлық пен тамыр-таныстыққа төзбеушілігін қалыптастыруға және алдын алу шараларына басымдық беруге бағыт алды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жыл сайын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтеріледі.
2023 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент барлық бағыттар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы әрекетсіздік азаматтар арасында наразылық көңіл-күй мен құқықтық нигилизмнің артуына алып келеді.
Мемлекетіміз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі маңызды факторлардың бірі – бизнес-процестерді автоматтандыру. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетуге және мемлекеттік органдармен тікелей байланыстарды болдырмауға бағытталған.
Алдын алу шараларынан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік те күшейтілді және жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етілуде. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларға мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне өмір бойына жұмысқа тұруға тыйым салынды.
Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Пара алу бойынша жазасын бірден минималды қауіпсіздік мекемесінде өтеу мүмкіндігі алынып тасталды.
Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік институты енгізілді. Басшы өзінің қарамағындағы қызметкерлердің әрекеттеріне жауапты; олардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауы – алдын алу жұмыстарының әлсіздігін және басшылық тарапынан бақылаудың жоқтығын білдіреді.
Сыбайлас жемқорлық – терроризммен және елдің қорғаныс қабілетінің әлсіреуімен қатар, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін басты қауіптердің бірі. Сондықтан бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттегі сыбайлас жемқорлықты жою – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да өмірлік маңызды салаларға оң әсерін тигізеді.
Бұл індетке қарсы тұру – әрбір азаматтың міндеті!