Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2024 жылдың 9 айында жүктелген міндеттер мен функцияларына сәйкес тиісті жұмыс жүргізді.
Осы кезеңде Департамент 55 аудиторлық іс-шара өткізді, оның ішінде: тізбе бойынша — 6, жоспардан тыс — 49, оның ішінде Комитеттің тапсырмалары бойынша — 8, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша — 41.
Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 65,07 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:
• қаржылық бұзушылықтар — 59,86 млрд теңге, оның 245,7 млн теңгесі бюджетке қайтарылуы тиіс (қайтарылғаны — 38,8 млн теңге, бұл 15,8%);
• қалпына келтіруге жататын сомасы — 1,57 млрд теңге (орындалған жұмыстар арқылы қалпына келтірілгені — 122,3 млн теңге, бұл 7,8%);
• бухгалтерлік есеп бойынша бұзушылықтар — 58,04 млрд теңге.
Аудиторлық тексерулер нәтижесінде 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 34 лауазымды тұлғаға 18,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, бұл сома бюджетке толықтай өтелді. Құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 1,44 млрд теңге болатын 4 материал берілді.
Қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бойынша аудит жүргізу кезінде анықталды — 57,56 млрд теңге (оның ішінде бухгалтерлік есеп бойынша — 57,36 млрд теңге), бұл жалпы соманың 96,1%-ын құрайды. Заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша — 2,25 млрд теңге (3,8%), ал Комитеттің тапсырмалары бойынша — 45,1 млн теңге (0,1%).
Қаржылық бұзушылықтар мынадай бағыттарда анықталды:
• бухгалтерлік есеп және есептілік саласындағы бұзушылықтар — 58,04 млрд теңге;
• еңбекақы, іссапар шығыстары, сыйлықақылар және басқа да төлемдер бойынша — 881,6 млн теңге;
• мемлекет активтерін пайдалану кезіндегі және басқа да бұзушылықтар — 785,6 млн теңге;
• орындалмаған жұмыстар, көрсетілмеген қызметтер және жеткізілмеген тауарлар үшін төлемдер — 148,9 млн теңге.
Департамент 23 456 мемлекеттік сатып алу рәсімінің 23 138-іне камералдық бақылау жүргізді, бұл 98,6%-ды құрайды. Бақылау барысында 5 581 хабарлама жіберілді, оның 5 469-ы орындалды (98%).
Хабарламаларды уақтылы орындамағаны үшін ҚР ҚМ МҚА-ға 35 хат жолданып, 49 хаттама сот органдарына берілді. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша хаттамалар қайта шығарылды.