Ағымдағы жылдың 9 айында Департамент 63 аудиторлық іс-шара өткізді, олардың барысында заңнаманың елеулі бұзушылықтары анықталды. Бұзушылықтардың жалпы сомасы 8,38 млрд теңгені құрады, оның 7,87 млрд теңгесі бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзуға, ал 506,8 млн теңгесі — мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарға тиесілі.
Бұзушылықтар салдарсыз қалмайды. 5,19 млрд теңге қалпына келтіруге және бюджетке өтеуге жатады, бұл анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасының 66%-ын құрайды. Қазірдің өзінде 4,52 млрд теңге қалпына келтірілді, бұл Департамент қабылдайтын шаралардың жеделдігі мен тиімділігінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бюджетке 86,3 млн теңге өтелді, бұл өтелуге жататын жалпы соманың 24,5%-ын құрайды, сондай-ақ 62,2 млн теңге сомасына бухгалтерлік жазбалар түзетілді (есепке алынуға жататын жалпы соманың 77%-ы).
Мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп саласындағы заңнаманың сақталуына ерекше назар аударылады. Тексеру қорытындысы бойынша 366 әкімшілік іс жасалды, салынған айыппұлдар сомасы 38,4 млн теңгені құрады, оның 38,1 млн теңгесі бюджетке төленді.
Департамент бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, оларды жоюға белсенді ықпал етеді. Аудит объектілеріне 63 нұсқама жіберілді, оның 40-ы орындалды, ал қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 60 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша 84,9 млн теңге сомасына анықталған бұзушылықтары бар 5 материал құқық қорғау органдарына іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін берілді. Аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды.