2024 жылдың басында Павлодар облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Павлодар облысының білім беру басқармасына қарасты «Түсті металлургия жоғары колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнында аудиттік іс-шара өткізді. Аудит нәтижесінде 46,0 миллион теңгеден астам қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, 2020 жылдың қаңтар айынан 2023 жылдың қыркүйек айына дейінгі кезеңде кәсіпорын қызметкерлеріне ынталандырушы сипаттағы үстемеақылардың негізсіз артық есептелуі, еңбек демалысы төлемдерінің дұрыс есептелмеуі, қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін негізсіз қосымша ақы төленуі сияқты бұзушылықтар жүйелі түрде анықталды. Бұл бұзушылықтар жалақы төлемдері бойынша құжаттарды тексеру барысында, кәсіпорынның есепшоттарындағы жазбаларды салыстыру және қызметкерлердің карт-шоттарына ақша аударымдарын тексеру арқылы анықталды.
Ең өрескел фактілердің бірі - 2020 жылдың қазан айынан 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған азаматқа, құжаттарда оқытушы ретінде тіркелген, бірақ іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаға негізсіз жалақы аударылғаны болды.
Аудит материалдары құқық қорғау органдарына қылмыстық шаралар қабылдау үшін жіберілді.