Мемлекеттік сатып алуды камералдық бақылау шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ағымдағы жылдың І тоқсанында ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілердің мекенжайына жалпы сомасы 6 532,4 млн.теңгеге бұзушылықты жою туралы 738 хабарлама жіберді.
Талдау көрсеткендей, ең жиі жол берілетін бұзушылықтар болып тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді бәсекеге қабілетсіз тәсілмен сатып алу жағдайының ерекшелігін растайтын тиісті негіздемесіз тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру табылады.
Мұндай бұзушылықтар бойынша 1 356 млн.теңге сомасына 322 хабарлама жіберілді, бұл камералдық бақылаумен анықталған бұзушылықтардың жалпы санының шамамен 44% құрайды.
Сондай-ақ, білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыруға байланысты қызметтер мен тауарларды сатып алу кезінде бұзушылықтарға жиі жол беріледі.
Осындай сатып алулар аясында 157,2 млн.теңге сомасына 117 хабарлама жіберілген. Бұзушылықтар жеткізушіні таңдау өлшемшарттарын қолданбаумен немесе заңсыз қолданумен байланысты.
Тағы жиі жол берілетін бұзушылықтар 741,6 млн.теңге сомасына 94 хабарлама жіберілген заңсыз талаптарды белгілеу, сондай-ақ 330,7 млн. теңге сомасына 84 хабарлама жіберілген баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ақпаратты орналастыру тәртібі мен мерзімдерін бұзу болып табылады.
Сонымен қатар, әлеуетті өнім берушілер тарапынан негізделген ескертулер болғанына қарамастан, мемлекеттік сатып алу шарттарына өзгерістер енгізілмеуі орын алған. Мұндай бұзушылықтар 510,2 млн. теңге сомасына жіберілген 60 хабарламамен тоқтатылды.