Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2023 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін негізге ала отырып, Астана қаласы әкімдігінің «№ 24 орта мектебі» ШЖҚ МКК-да (бұдан әрі – Кәсіпорын) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәселесі бойынша сәйкестік аудитін жүргізді.
Ішкі мемлекеттік аудит жалпы сомасы 8 755,6 мың теңгені құрайтын бұзушылықтар, оның ішінде 7 325,2 мың теңге қаржылық бұзушылықтар және 1 430,4 мың теңге процедуралық бұзушылықтар анықталды:
Өткен жылдардағы уақтылы тиісті шаралар қабылданбаған дебиторлық берешектің сомасы 2,7 мың теңге.
Жалақының артық төленген сомасы 130,0 мың теңге.
Тексерілетін кезеңде 1 198,5 мың теңгеге жекелеген аванстық есептер мерзімінде ұсынылмаған.
Сонымен қатар, 2022 жылы Кәсіпорынның бухгалтерлік есебіне сәйкес 2410 шотында есепке алынуы тиіс 2700 «Материалдық емес активтер» шотында жалпы сомасы 7 100,0 мың теңгеге негізгі құралдар жатқызылған. Сондай-ақ, 2410 «Негізгі құралдар» шотында есепке алынуы тиіс 1300 «Тауарлы-материалдық қорлар» шотында жалпы сомасы 92,5 мың теңгеге негізгі құралдар көрсетілген. Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша материалдық емес активтердің құны мен тауарлы-материалдық қорлардың құны негізсіз түрде асыра көрсетілген.
Бұл ретте, Кәсіпорын ортақ негізде жалпы сомасы 231,9 мың теңгеге кеңсе-жарақтарын (папкаларды) сатып алу бойынша баға ұсыныстарын сұрату арқылы сатып алуды жүзеге асырды. Алайда ол «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 51-і бабының 3-тармағына сәйкес мүгедектер ұйымдары арасында жүргізілуі тиіс еді.
Тексеру қорытындысы бойынша Кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарымы жолданып, бюджетке 132,7 мың теңге өтеліп, тиісті түзетуші бухгалтерлік анықтамалармен 7 192,5 мың теңге қалпына келтірілді..
Кәсіпорынның лауазымды тұлғасына қатысты Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік жауапкершілік туралы Кодексінің 238-бабының 1-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.