Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау, оның ішінде Департаменттің нұсқамалары негізінде және соттардың шешімдері бойынша қаржылық бұзушылықтар сомасын бюджет кірісіне өтеу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп отырады.
Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 74 лауазымды тұлғаға әкімшілік іс қозғалды, оның 68-і жалпы сомасы 4 млн. 700 мың теңгеге айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылды.
Бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу саласында анықталды, атап айтқанда: Заңда көзделмеген негіздер бойынша шарттар жасасу; бекітілген мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу; тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері мен жеткізу орны бойынша лоттарға бөлмеу; әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін негізсіз қабылдамау немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілердің қатысуына негізсіз рұқсат беру; өздерінің шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сотқа талап-арыздармен жүгінбеу немесе уақтылы жүгінбеу, бұл олардың жазасыздығына әкеп соқтырады.
Есепті кезеңде Департаментпен салынған айыппұлдар сомасы 4 686 389 теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттің кірісіне 3 844 064 теңге өндірілді.
Бұдан басқа, "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" ҚР Заңының талаптарын басшылыққа ала отырып, бүгінгі күні жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына 4 материал жіберілді, оның ішінде 2 қылмыстық іс қозғалды, 1 материал қарау үшін сотқа жіберілді.