Қазіргі әлемде мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды күшейту қоғам тарапынан мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қоғамдық пікірдің қалыптасуы белгілі бір дәрежеде олардың қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына байланысты екенін мойындау керек. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттің бет-бейнесі болғандықтан, қоғам алдында олар мінез-құлықтың үлгісіне айналуға тиіс.
Осыған байланысты, Қызметтік әдеп қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге, қарапайымдылық танытуға, тиісті қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланбауға, өз тарапынан заңнама талаптарын бұзуға жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік органдар жүйесінде мемлекеттік қызметке алғаш кірген жас мамандарды тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Олардың моральдық-адамгершілік келбетін қалыптастыру бойынша жұмыс ерекше назар аударуды қажет етеді.
Ұжымдағы қолайлы моральдық-психологиялық климат әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысына оң әсерін тигізетіні құпия емес, соның нәтижесінде мемлекеттік орган қызметінің тиімділігі де арта түседі.
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар Әдеп жөніндегі уәкілге кеңес алу үшін жүгіне алады. Осылайша, өз құзыреті шегінде Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелерінде консультациялық көмек көрсетеді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғауға бағытталған шараларды қабылдайды.
Департаментте Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі. Әдеп кодексінің нормаларын сақтау мәселелері бойынша ұжым арасында сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін фотосуреттердің және басқа ақпараттың болуына әлеуметтік желілерге, мемлекеттік қызметшілердің аккаунттарына мониторинг жүргізіледі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және әдеп нормаларын сақтау бойынша техникалық оқу жүргізіледі. Мұның бәрі қызметкерлердің талаптарға, шектеулерге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және этикалық нормаларға түсінігін қалыптастыру тұрғысынан өзінің оң нәтижелерін береді.