АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ (2024 жылға)

АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ (2024 жылға)

АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ (2024 жылға)

 

«Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс... Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет». [1]

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

 

КІРІСПЕ

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқық үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, Қазақстан халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі ақпарат (бұдан әрі – жыл сайынғы ақпарат, есеп) Заңның 10-бабына сәйкес дайындалған.

Жыл сайынғы ақпаратты дайындаудың және жариялаудың мақсаты активтерді қайтару жөніндегі қызметтің жариялылығын, ашықтығын және есеп берушілігін қамтамасыз ету болып табылады.

Заңды орындау негізінен келесі үш мемлекеттік институтқа жүктелген:

- Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия). Комиссияның құрамына орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, қоғам өкілдері кіреді;

- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет);

- «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі компания» ЖШС атынан басқарушы компания (бұдан әрі – ҚАБК, Басқарушы компания).

Комиссияның міндеттеріне Заң субъектілерінің тізілімін қалыптастыру, активтерді мемлекетке қайтарудың тәсілдері мен тетіктері, оларды заңды экономикалық айналымға тарту жөніндегі ұсынымдар әзірлеу және басқалары кіреді.

Комитет Комиссияның жұмыс органы болып табылады және мемлекет атынан және оның мүддесінде активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асырады.

Басқарушы компания қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету және өткізумен айналысады.

Сонымен қоса Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде заңсыз иемденілген активтерді қайтару саласындағы қызметті жүзеге асырады.

 

НЕГІЗГІ БӨЛІК

I бөлім.

Заңсыз иемденілген активтерді анықтау және қайтару жөніндегі шаралар

Активтерді қайтару жөніндегі шаралар мен тетіктердің пропорционалдылығы (шамалас болуы) Заңмен белгіленген қағидаттардың бірі болып табылады.

Бұл қағидат бір жағынан әлеуметтік әділеттілік пен халықтың құқықтарын қалпына келтіру арасында және екінші жағынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мен мемлекеттің орнықты экономикалық дамуы арасында баланс орнатуға арналған.

Активтерді қайтаруға бағытталған шараларға: активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау жөніндегі шаралар, алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары, активтерді ерікті түрде немесе мәжбүрлеп қайтару, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару жөніндегі шаралар және өзге де шаралар жатады.

Комитет активтерді заңсыз иемдену, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және қайтару үшін тұрақты түрде мониторингтер, талдаудар, сондай-ақ активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексерулер жүргізеді.

Олардың нәтижелері Комиссияның қарауына шығарылады.

Активтерді қайтару жөніндегі қызметтің ашықтығы мен есеп берушілігін қамтамасыз ету мақсатында Комиссияның және Комитеттің жұмысы туралы деректер бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты жарияланады және заңнама талаптарын ескере отырып қоғам өкілдерімен талқыланады.

2024 жылы 8 Комиссия отырысы өткізіліп, олардың нәтижелері бойынша субъектілер тізілімін қалыптастыру жалғастырылды, сондай-ақ 1 трлн теңгеден астам сомаға активтерді қайтару жөніндегі шаралар мақұлданды.

Активтерді ерікті түрде қайтару тетіктері:

  • мемлекеттік бюджетті толықтыру;
  • мүлікті заттай қайтару;
  • капиталды елдің экономикасына қайта инвестициялау;
  • әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жолымен іске асырылады.

Заң субъектілері негізінен активтерді ерікті түрде беру тәсілдерін таңдады.

Олармен 50-ден астам келісімдер, оның ішінде активтерді ерікті түрде қайтару (беру) туралы, инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер, кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасалды.

Қол жеткізген жетістіктер – бұл субъектілердің мемлекетпен диалог құру және ұлттық экономикаға және әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысына капитал салуға дайындығы туралы ізгі ниет білдіруінің нәтижесі.

Егер мұндай бастама болмаса және Комитет активтің пайда болу заңдылығы туралы қисынды түрде күмән келтірген жағдайда, мәжбүрлеу тетіктері қолданылады.

Комиссияның ұсынымдары бойынша сотқа шамамен 20 млрд теңге сомасына заңсыз иемденілген активтерді мәжбүрлеп қайтару туралы Комитеттің 4 талап қоюы жолданды.

Бірінші талап қою субъектінің мүлікті ерікті түрде қайтаруына байланысты кері қайтарып алынды, үш талап қоюды сот қанағаттандырды.

***

Комитет активтерді қайтару саласындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда.

БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Одағы, ЕЫДҰ, Интерпол және активтерді қайтару саласындағы GlobE, CARIN, ARIN және BAMIN ведомствоаралық желілері секілді маңызды халықаралық ұйымдармен байланыс орнатылып, өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда.

Комитет өкілдері аталған ведомствоаралық желілерде байланысушы тұлғалар ретінде айқындалды және олардың отырыстарына белсенді қатысады.

2024 жылғы сәуірде  Комитет басшысы ЕҚЫҰ шақыруы бойынша Вена қ. (Австрия) ЕҚЫҰ-ның Экономика-экологиялық комитетінің отырысына спикер ретінде баяндамамен қатысты.

Бұдан басқа, Комитет өкілдері Еуропа мен Азияның 9 елімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату үшін сапарларға барып, екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс басқармасының (бұдан әрі - БҰҰ ЕҚБ) Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігі ЕҚЫҰ-мен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп Алматы қ. GlobE Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарының жаһандық жедел желісінің жаңа өңірлік компонентін құру жөнінде өңірлік кездесу өткізді.

Комитет ЕҚЫҰ-ның қолдауымен «Азаматтық тәркілеу активтерді қайтарудың негізгі тетігі ретінде: қолдану перспективалары мен әлемдік тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Шетелдік серіктестермен, оның ішінде ЕҚЫҰ және БҰҰ ЕҚБ-мен нәтижелі өзара іс-қимыл нәтижесінде 30-ға жуық, оның ішінде прокуратура органдарының  қызметкерлеріне арналған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды.

ЕҚЫҰ сондай-ақ активтерді қайтару саласындағы халықаралық тәжірибеге талдау жүргізуде көмек көрсетті.

Комитет Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол Ұлттық Орталық Бюросымен және Жаңа Болгар Университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Меморандумдар шеңберінде қабылданатын шаралар активтерді қайтару саласында пайдалы ақпаратпен және озық тәжірибемен тиімді алмасуға, сондай-ақ қызметкерлердің білімі мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Бас прокуратуралары арасында 2025-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Жоспарда активтерді қайтару жөніндегі тәжірибемен алмасу және жылдам ақпарат алмасуға арналған қорғалған байланыс арналарын құру мәселелерін талқылау көзделген.

Комитет шетелдік мемлекеттердің құзыретті органдарына, оның ішінде оффшорлық юрисдикцияларға Заң субъектілеріне қатысты ондаған әр түрлі сұрау салулар жолдады.

Қабылданған шаралардың мақсаты Комитеттің сыртқы контурдағы мүмкіндіктері мен әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттарды зерделеу, капиталды қайтарудың тетіктері мен тәсілдерін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ шетелден активтерді қайтару болып табылады.

***

Активтерді қайтару рәсімдері ұзақ, көп кезеңді, әр түрлі талаптармен жүктелген.

Осыған байланысты заңсыз иемденілген активтерді іздеу және қадағалау бойынша цифрлық платформа құру маңызды міндет болып табылады.

Комитет мемлекеттік органдардың дерекқорларын біріктіретін цифрлық платформаның ішкі контурын енгізуде. Бұл бір рет шерту арқылы елдің аумағындағы активтер бойынша барлық қолда бар ақпаратты алуға мүмкіндік береді.

Комитетке миллиондаған шетелдік компаниялар туралы мәліметтер алуға, сондай-ақ активтердің қозғалысын қадағалауға және визуалдауға мүмкіндік беретін цифрлық платформаның сыртқы контуры әзірленуде.

Бұл активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді және жылдамдатады.

Осылайша, Комитет басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, Заңда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді орындау бойынша кешенді жұмысты жүзеге асыруда.

 

II бөлім.

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі жұмыс нәтижелері

Заңға сәйкес жұмыс инвестициялық ахуалды, отандық бизнес мүдделерін қолдау және ерікті түрде қайтаруға ден қоя отырып, шаралардың пропорционалдылығы қағидатын қатаң сақтау маңыздылығын ескере отырып жүргізілуде.

Заң субъектілерінің активтерін тексеру жөніндегі шараларды қабылдай отырып, кәсіпорындардың ағымдағы бизнес-процестеріне және шаруашылық қызметіне араласуға жол берілген жоқ.

Осылайша, активтерді қайтару жөніндегі қызмет адал кәсіпкерлер, кредиторлар, иеленушілер және инвесторлар үшін барынша аз тәуекелдермен құрылған.

2024 жылы мемлекет пайдасына іс жүзінде жалпы сомасы 429 млрд теңге болатын мүлік, оның ішінде ақша қаражаты, сондай-ақ еуропалық банктердегі шетелдік шоттардан ақша қаражаты түрінде – 228 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Басқарушы компанияға 87 млрд теңгеден астам сомадағы 260, оның ішінде шетелдік юрисдикцияларда орналасқан жылжитын және жылжымайтын мүлік нысандары (виллалар, пәтерлер, автокөліктер) заттай берілді.

Олардың ішінде жалпы сомасы шамамен 70 млрд теңгені құрайтын 41 элиталық тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары бар.

Мысалы, мемлекетке жалпы құны 4 млрд теңгеден астам Бодрум қ. 2 вилла және Стамбул қ. (Түркия) пәтер берілді.

Алматы қ. 8,4 млрд теңгеге коммерциялық мақсаттағы 4 ғимарат, елордада – 15,7 млрд теңгеге осындай 3 нысан мемлекетке қайтарылды.

Сондай-ақ мемлекетке 17 млрд теңгеге жылжымалы мүлік қайтарылды.

Олардың ішінде 9,8 млрд теңгеге 3 қазақстандық компанияға қатысу үлестері, 2,7 млрд теңгеге 196 бірлік зергерлік бұйымдар мен бағалы заттар, 179,4 млн теңгеге БАӘ-дегі 2 люкс автокөлік бар.

Бұдан басқа, мемлекетке 6,7 млрд теңгеге жер учаскелері берілді.

Қайтарылған ақша мен мүліктен басқа келісу рәсімдерінің нәтижелері бойынша субъектілер өздігінен 48 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруды бастады.

Мәжбүрлеу тетіктерінің шеңберінде жалпы құны 5,2 млрд теңге ақшалай қаражатқа, зергерлік бұйымдарға, аксессуарларға және өзге де активтерге өндіріп алу қолданылды.

Олардың ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар болжам бойынша сақ және скиф кезеңіне жататын заттар бар. Оларды Ұлттық мұражайға беру мүмкіндігі қаралуда.

 

 

III бөлім.

Қайтарылған активтерді басқару және оларды өткізу

Активтерді қайтару процесінің маңызды кезеңі мемлекетке қайтарылған мүлікті тиімді басқару болып табылады.

Ақша, оның ішінде қайтарылған мүлікті өткізуден түскен ақша Арнаулы мемлекеттік қорда (бұдан әрі – Арнаулы қор) жинақталады.

ҚАБК алынған мүліктен көбірек кіріс алу мақсатында активтерді өткізгенге дейін оларға билік етудің әр түрлі тәсілдерін: мүлікті жалға беру (жалдау), сенімді басқаруға беру және т.б. қолданды.

Басқарушы компания Арнаулы қорға барлығы 13 млрд теңге, оның ішінде қайтарылған активтерді басқарудан 512 млн теңге және оларды өткізуден түскен 12,6 млрд теңгенің аударылуын қамтамасыз етті.

Мысалы, бір қонақ үй кешенін сенімді басқаруға беруден мемлекетке кірісіне 15,6 млн теңге, еншілес компаниялардан алынған дивидендтерден – 213,7 млн теңге және тұрғын және өзге де коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден – 283,3 млн теңге түсті.

Жекелеген жағдайларда активтер ҚАБК-нің теңгеріміне беру кезінде бағаланған құнына қарағанда едәуір жоғары бағаға өткізілетінін атап өткен жөн.

Мәселен, Алматы қ. 663 млн теңгеге бағаланған әкімшілік ғимарат 70 млн теңгеге жуық қымбатырақ сатылған.

Осы өңірде бағалау құны 175 млн теңге болған жер учаскелері 657,5 млн теңгеге немесе 3,5 есе қымбат сатылған.

Қызметтің тиімділігін, ашықтығын және есеп берушілігін қамтамасыз ету мақсатында ҚАБК сайтында теңгерімге алынған активтер, жүргізілетін электрондық сауда-саттық, Арнаулы қорға жіберілген ақша қаражаттары және өзгелері туралы деректер орналастырылады.

Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғам мүшелерінен құралған Қамқоршылық кеңес құрылды.

Қамқоршылық кеңес Басқарушы компания басшылығының есебін тыңдап, қайтарылған активтерді басқару және өткізу процесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар берді.

 

IV бөлім.

Әлеуметтік-экономикалық әсер

Заңға сәйкес Үкімет қайтарылған активтерді елдің орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін пайдаланады.

Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 2024 жылы Арнаулы қордың қаражаты есебінен шамамен 95 млрд теңге сомасына 15 әлеуметтік нысанның құрылысы мақұлданды.

Мұндай жобалар жергілікті және орталық мемлекеттік органдар деңгейінде мұқият іріктеуден өтеді.

Олардың ішінде 2 балабақша, 6 мектеп (оның ішінде балалар музыка мектебі), 2 спорт кешені, 3 медициналық мекеме, медициналық-әлеуметтік мекеме және мектеп-интернат пен колледжге арналған жатақхана бар.

Мысалы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жалпы құны 68,9 млрд теңге болатын денсаулық сақтау нысандары, оның ішінде Өскемен қ. гематология орталығы және Ақтау қ. жедел медициналық көмек станциясы салынатын болады.

Риддер қ. 80 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан және түбегейлі жаңғыртуды қажет ететін ескі аурухананың орнына заманауи медициналық жабдықпен жарақтандырылған жаңа аурухана кешені құрастырылатын болады. Кешен 500-ден астам жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді.

Аталған нысандар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Атырау облысының Жамансор ауылында 150 орындық жаңа мектеп салынады. Қолданыстағы мектеп бейімделген үй-жайда орналасқан және 3 есе толған. Жоғарғы сыныптың балалары қазір басқа ауылдарда орналасқан мектептерде оқуға мәжбүр.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында балалар музыка мектебі салынады. Ауданда 120 баланың орнына 420 бала оқып жатқан жөндеуге жарамсыз апаттық өнер мектебі жұмыс істеп жатыр. Жаңа мектеп балалардың шығармашылық дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды.

Семей қ. тұрақты күтімді қажет ететін адамдарды қажетті медициналық және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ететін 100 орындық Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысы басталады.

Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында құны 9,8 млрд теңге болатын балабақшалар салу жоспарланған. Ақтөбе қ. мектепке дейінгі мекеме ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналатын болады.

Ақмола және Алматы облыстарында құны 3,2 млрд теңге болатын спорт кешендерін салу жоспарлануда.

Мысалы, Ақмола облысының Зеренді а. спорт мектебінің ғимараты апаттық жағдайда тұр және жөндеуге жарамсыз. Оның орнына аудандық, облыстық және республикалық көлемдегі жарыстар өткізілетін жаңа кешен салынады.

Шымкент қ. Сайрам көмекші мектеп-интернатының жатақханасында орын тапшылығы байқалады. Кейбір оқу кабинеттері жатын бөлмелерге қайта жабдықталған және ондаған тәрбиеленушілер үйінен оқуға мәжбүр. Осыған байланысты құны 2,5 млрд теңге болатын 300 орындық жаңа жатақхана салу туралы шешім қабылданды.

Жоғарыда аталған нысандардың құрылысы өңірлердің тұрғындарының көп жылдардан бері келе жатқан өзекті мәселелерін шешеді, оларға активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың пайдасын іс жүзінде сезінуге мүмкіндік береді.

Осылайша Заңның бір мақсаты – қайтарылған активтерді мемлекеттің экономикалық айналымына тиімді тарту және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге қол жеткізіледі.

Бас прокуратура қайтарылған активтердің заңсыз иемденілуін және заңсыз айналымға қайта айналдырылуын болдырмау үшін Үкіметке олардың одан әрі игерілуіне, оның ішінде цифрлық технологиялардың көмегімен кезеңдік бақылау мен мониторингті белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізді.

***

Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында субъектілердің қаражатты ел экономикасына қайта инвестициялауы және олардың әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысына қатысуы қажеттілігі атап өтілді.

Қайтарылған ақша мен мүліктен басқа Комитет жұмысының нәтижелері бойынша субъектілер 30 млрд теңгеге 8 экономика нысанын салу және жаңғырту бойынша инвестициялық жобаларды өздігінен іске асыруды бастады.

Олардың ішінде туристік кешен, екі көлік-логистикалық орталық, экологиялық тағамдық каптама, бөтелкедегі минералды су өндіру бойынша желілер, газды кешенді дайындау зауытын жаңғырту және басқалары бар.

Астана және Шымкент қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды құру елдің өңірлері арасындағы өзара сауда іс-қимылын нығайтып, Қазақстанның сенімді транзиттік хаб ретінде дамуы үшін маңызды қадам болады.

Кәсіпкерлерді қоймалық үй-жайлармен қамтамасыз ету тауарларды сақтау бойынша шығыстарды азайтуға ықпал етеді және олардың тұтынушыларға арналған соңғы бағасына оң әсер етеді.

Экологиялық тағамдық қаптама – қағаз пакеттер, стақандар мен қақпақтар өндіру импорттық пластик өнімдерден ішінара бас тартуға мүмкіндік береді, пластиктің қоршаған ортаға эмиссиясын қысқартады.

Газ зауытының жабдығын жаңарту өндіріс көлемін ұлғайтады және ЖЖМ тапшылығын азайтады.

Алматы қ. тау бөктеріндегі әлемдік стандарттағы жаңа туристік кешен туристік саланың дамуына серпін береді.

Осы және басқа да нысандардың құрылысы кәсіпкерліктің дамуына қосымша түрткі болады және ұлттық экономика үшін маңызды мультипликативті әсерге ие болады.

350-ден астам жаңа жұмыс орындары, жыл сайын 1 млрд теңгеден астам салық түсімдері күтілуде. Жекелеген өндірістерде алынатын өнімнің кемінде 20%-ын шетелге экспорттау жоспарлануда.

Бұдан басқа, субъектілер 18 млрд теңгеден астам сомаға 7 әлеуметтік, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобаны өздігінен іске асыруды бастады.

Астана және Алматы қалаларында ерекше қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады. Емдік және өзге де мекемелердің тапшылығы оларға оңалту қызметтерін уақтылы көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты елордада салуға жоспарланған тірек-қимыл аппаратының, психикалық және физикалық даму бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы қажетті қызметтерді уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Оңтүстік астанада заманауи мәдениет үйлерінің бірінде жеке бағдарламалар аясында қала тұрғындары үшін тегін фильм көрсетілімі, фестивальдік концерттер және мектеп оқушыларына арналған экскурсиялар өткізілетін болады.

Қостанай облысында тұрғындарға 5 олимпиадалық спорт түрлері бойынша жаттығуға мүмкіндік беретін спорт кешенін салу көзделген. Және мұнда спорттық мектеп-интернатқа арналған жатын корпусты реконструкциялау жоспарлануда. Бұл спорт нысандарын салу жаттықтырушылар, оқытушылар, қызмет көрсетуші персонал және техникалық мамандар үшін жұмыс орындарын ашады.

Алматы қ. жаттығу орталығын құру жөніндегі жоба іске асырылуда. Бұл қала тұрғындарының физикалық белсенділігін арттыру, олардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту үшін жағдай жасайды.

Шымкент қ. көппәтерлі тұрғын үй құрылысы мұқтаж жандардың баспана алуын жылдамдатады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданды және 2023 жылғы 17 қыркүйекте түпкілікті күшіне енді.

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 5 қазандағы Жарлығымен құрылды.

Осы кезеңде Комитет активтерді қайтарудың жаңа тетіктері мен құралдарын қолдануды бастады, бақылау-талдау қызметі жүйелі негізге қойылды.

Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, олардың шеңберінде Комитет субъектілермен және/немесе олардың үлестес тұлғаларымен кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімдер, сондай-ақ мүлікті ерікті түрде қайтару туралы келісімдер жасасады.

Үкіметке және орталық мемлекеттік органдарға жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасасу кезінде, салықтық преференциялар ұсыну кезінде, сондай-ақ капиталдың шетелге заңсыз шығарылуына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар жолданды.

Кешенді шараларды қабылдау инвесторлардың тиімділігі жоғары өндірістер құру жөніндегі мемлекет алдында алған міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге, капиталдың шетелге заңсыз шығарылуын барынша азайтуға,  мемлекеттік бюджетті толықтыруға мүмкіндік береді.

Беделді халықаралық ұйымдар мен өзге де шетелдік әріптестер активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың нәтижелерін жақсы атап өтуде және осы саладағы қазақстандық бастамаларды қолдайды.

Қабылданатын шаралар депутаттық корпуспен, сондай-ақ қоғам өкілдерімен кездесулерде талқыланады.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен Дөңгелек үстелде активтерді қайтару жөніндегі жұмыс нәтижелері және заңнамалық реттеу мәселелері қаралды.

Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп Парламент, мәслихаттар депутаттары, республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғам өкілдері, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және экономистердің қатысуымен капиталды қайтару мәселелері бойынша пікірталастар өткізілді.

Активтерді қайтару жөніндегі қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып отырады.

10 миллионнан астам адамды қамтыған 2 мыңнан астам материал жарияланды.

Бас прокуратураның, Комитеттің басшылығы, Комиссия мүшелері тұрақты түрде брифингтер, баспасөз конференцияларын өткізеді, сұхбат береді. Активтерді қайтару жұмысы 5 деректі фильмде де көрсетілді.

Депутаттық корпуспен және жұртшылықпен тұрақты кездесулер мен есеп берулер, белсенді медиа-сүйемелдеуді қоса алғанда, бұл жұмыс активтерді қайтарудың негізгі қағидаттары – жариялылық, ашықтық, есеп берушілікті, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы заңды сапалы іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмасын тиімді орындауға, яғни заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға және оларды еліміздің дамуына, халқымыздың игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді.

***

Осы активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі ақпарат Заң талаптарына сәйкес жарияланады және жыл сайын жұртшылыққа ұсынылатын болады.

 

[1] Үкіметтің 2024 жылғы 7 ақпандағы кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен.