Албанияның Бас прокуратурасы активтерді қайтару бойынша ынтымақтастыққа дайындығын білдірді

Албанияның Бас прокуратурасы активтерді қайтару бойынша ынтымақтастыққа дайындығын білдірді

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілдері Тирана қаласында (Албания) ЕҚЫҰ ұйымдастырған активтерді қайтару және кеңейтілген тәркілеуді қолдану мәселелері жөніндегі семинарға қатысты.

Іс-шараға ЕҚЫҰ-ның Албаниядағы өкілдігінің басшысы, Бас прокуратураның, Тыйым салынған активтерді басқару агенттігінің, Мемлекеттік полицияның, Албанияның ұлттық тергеу бюросының өкілдері, сондай-ақ Асти қаласының (Италия) бұрынғы бас прокуроры қатысты.

Семинарда активтерді қайтару саласындағы халықаралық тәжірибе, кеңейтілген тәркілеу, қолданыстағы нормативтік база, сот практикасы және активтерді қайтару әдістері туралы мәселелер талқыланды.

Комитет өкілдері «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелері мен тетіктерін, ведомство қызметінің бағыттарын, жұмыс нәтижелерін, сондай-ақ қайтарылған қаражат есебінен іске асырылатын әлеуметтік жобалар туралы мәліметтерді жария етті.

Іс-шара аясында Комитет өкілдерінің Албания Республикасының Бас Прокуроры Олсан Чела мырзамен екіжақты кездесуі өтті, онда тараптар активтерді қайтару саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылады.

Халықаралық өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

 

Бас прокуратураның

Активтерді қайтару жөніндегі комитеті