Қазақстанның активтерді қайтару тәжірибесі Солтүстік Македонияда таныстырылды

Қазақстанның активтерді қайтару тәжірибесі Солтүстік Македонияда таныстырылды

2024 жылғы 21-22 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілдері Солтүстік Македонияның Скопье қаласында өткен қаржылық тергеулер және активтерге тыйым салу мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.

Аталған іс-шара Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының бастамасымен Солтүстік Македония мен Қазақстан Республикасының уәкілетті ведомстволарының өкілдері арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияға прокуратура, сот, ішкі істер, кеден, қаржы полициясы мен барлау қызметінің өкілдері, сондай-ақ Солтүстік Македониядағы тәркіленген активтерді басқару саласының қызметкерлері қатысты.

Комитет өкілдері өз баяндамаларында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі ережелері, ведомство қызметінің бағыттары, атқарылған жұмыстардың нәтижелері және қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар туралы айтып берді.

Отырысқа қатысушылар Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық танытып, активтерді тәркілеудің азаматтық моделін қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында Солтүстік Македонияның активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті ведомстволарының өкілдерімен және іс-шараның басқа да қатысушыларымен екіжақты кездесулер өтті.

Сонымен қатар, қаржылық қылмыстарды тиімді тергеу және активтерді тәркілеу үшін елдердің арасында ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықты жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македонияның активтерді қайтару жөніндегі ведомстволары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға ниетті екенін білдірді.

Активтерді қайтару жұмысы жалғасатын болады.