
Бас прокуратурада «Активтерді қайтару бойынша өзара іс-қимыл аясында ИНТЕРПОЛ мүмкіндіктері мен арналарының пайдаланылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Активтерді қайтару жөніндегі комитет пен Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Орталық Бюросы арасында жасалған Ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Оған Бас прокуратура, Құқық қорғау органдары академиясы, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, Активтерді қайтару жөніндегі комитет (бұдан әрі – Комитет), Астана қаласының прокуратурасы, сондай-ақ Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының қызметкерлері қатысты.
ИНТЕРПОЛдың Бас хатшылығы мен Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Орталық Бюросының өкілдері шетелдік тәжірибені таныстырып, қылмыстық жолмен алынған табыстарды іздеу, тәркілеу және конфискациялау бойынша жұмыс барысын баяндап, «Күміс бюллетень» пилоттық жобасының қызметі туралы ақпаратты беріп, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске арналған «GEMINI» жобасын таныстырды.
Сондай-ақ, қатысушылар «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі ережелерімен және Комитеттің қызмет бағыттарымен танысты.
Делегация басшысы – Бас хатшылықтың өкілі Абдулазиз Обайдалла құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ақпараттық-ағартушылық қолдау көрсетуге бағытталған тренингтер өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков баяндамашыларға алғыс айтып, қылмыспен күресте қатысушы елдердің құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктірудегі ИНТЕРПОЛдың қосқан үлесін атап өттіп, ол тек бірлескен іс-қимыл арқылы ғана атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.
ИНТЕРПОЛ өкілдері өз кезегінде Қазақстанның прокуратура органдарымен тиімді өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.