
📌 Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан қаржыландырылатын ел өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жүзеге асырылуда.
Үкімет Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Мыңадыр стансасында 80 орындық мектеп салуға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
➤ Жұмыс істеп тұрған мектеп осы аймақтағы жалғыз білім беру мекемесі болып саналады. Ғимарат 1981 жылы салынды, 2000 жылдары қосымша кеңейтілді. Бүгінгі таңда мектеп шамадан тыс толған: жобадағы 60 орынның орнына мұнда 123 оқушы оқып жатыр. Мектепте химия, биология, физика және география бойынша зертханалық кабинеттер, спорт залы, шеберхана, еңбек кабинеттері жоқ.
Құрылысты бастау 2025 жылдың I тоқсанына жоспарланған. Жобаны іске асыру оқушы орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді және заманауи білім беру талаптарына сәйкес балаларды оқыту үшін қажетті қолайлы жағдай жасайды.
📍 Жұмыс жалғасады.