Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы халықаралық конференцияда азаматтық тәркілеуді талқылады

Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы халықаралық конференцияда азаматтық тәркілеуді талқылады

Бас прокуратурада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар Офисінің көмегімен «Азаматтық тәркілеу активтерді қайтарудың негізгі тетігі ретінде: қолдану перспективалары мен әлемдік тәжірибе» атты тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали және Астана қаласындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар Офисінің Басшысы Елші Фолькер Фробарт қатысушылармен сәлемдесіп, тақырыптың өзектілігін атап өтіп, конференция тәжірибе мен білім алмасудың маңызды алаңына айналатынына сенім білдірді.

Бас Прокурор Берік Асыловтың сөзімен айтқанда: «Азаматтық тәркілеу құралын қолдану практикасы мен түрлі елдердің заңдарының өз ерекшеліктері бар, дегенмен олардың мақсаты бір – ол мемлекеттің мүддесін қамтамасыз ету».

Іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Біріккен ұлттар ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Халықаралық заңгерлер қауымдастығы (Ұлыбритания), Базельдің басқару институтының (Швейцария) өкілдері, Болгария, Испания және Португалиядан келген жетекші шетелдік сарапшылары, Парламент Мәжілісінің депутаты, Конституциялық Сотының өкілі, Сот әкімшілігінің басшысы, құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ сот төрелігі, құқық қорғау және қаржы мониторингі академияларының басшылары мен ғалымдары қатысты.

Спикерлер шетелдік практиканы ескере отырып, азаматтық тәркілеуді қолданудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ активтерді қайтару туралы Заңның негізгі ережелерін, оның ішінде пайда болуы түсініксіз байлық туралы талаптарды қою тәртібін реттейтін мәселелерді сипаттады.

Халықаралық сарапшылар бүкіл әлемде қолданылатын сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған азаматтық тәркілеу рәсімінің тиімділігі жайлы ұстанымын білдірді.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар Офисінің Басшысымен екіжақты кездесуі өтті.

Тараптар қазіргі заманғы сын-қатерлерге, оның ішінде терроризм мен адам саудасына, кибер және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бастамаларды іске асыруда одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.