
2024 жылғы 27-30 мамырда Еуропа Кеңесінің Орталық Азиядағы заң үстемдігі жөніндегі бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілдерінің жымқырылған активтерді қайтару, басқару, сондай-ақ заңсыз иемденілген активтерді сату бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Бельгия мен Швейцарияға сапары өтті.
Сапар барысында Комитет қызметкерлері Мехелен қаласы сотының, Орталық тыйым салу және тәркілеу басқармасының (COSC), Бельгияның тәркіленген активтерді іске асыру кеңсесінің (Finshop), Федералдық Әділет департаментінің, Қаржылық барлау бөлімшесінің (MROS), Швейцария Бас прокуратурасының (OAG), Федералдық Сыртқы істер департаментінің (FDFA) және Берн прокуратурасының жұмыстарымен танысты.
Аталған елдердің активтерді қайтару бойынша құқықтық негіздері, тәсілдері мен тәжірибесі зерделенді.
Қазақстан Республикасында активтерді қайтару бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы, оның ішінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның қабылдануы және оның негізгі ережелері туралы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетін құру туралы және Комитеттің бүгінгі күнге дейінгі жұмыс нәтижелері туралы ақпарат ұсынылды.
Бельгия мен Швейцарияның құқық қорғау органдарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатылды.