Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу туралы

Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу туралы

Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының шақыруымен 2024 жылғы 22 мамырда Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері Санкт-Петербургте өткен ғылыми-практикалық семинарға қатысты.

Іс-шараның мақсаты - шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша тәжірибемен алмасу.

Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың негізгі басқармасының бастығы Михаил Виноградов алғы сөз сөйледі.

Семинарға БРИКС пен ШЫҰ-ға мүше он бір мемлекеттің бас прокуратураларының өкілдері қатысты.

Спикерлер өз сөздерінде елдер арасындағы өзара әрекеттесудің теориялық және практикалық аспектілерін қамтыды.

Шетелден активтерді қайтару саласындағы озық тәжірибелер мен осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша бас прокуратуралардың бірлескен бастамаларын талқылауға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, виртуалды активтердің, оның ішінде криптовалютаның айналымы, оны анықтау, тәркілеу тәжірибесі және құқықтық реттеудің өзекті проблемалары мен тенденциялары талқыланды.  

Қазақстандық делегация «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның қабылданғаны және активтерді қайтару жөніндегі арнайы уәкілетті органның құрылғаны туралы ақпаратпен бөлісті.