АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ (2023 жылға)

АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ  (2023 жылға)

АКТИВТЕРДІ ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНУГЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРУҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ, СОНДАЙ-АҚ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚПАРАТ

 (2023 жылға)

 

 «Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек»

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Кіріспе

Активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі ақпарат (бұдан әрі - жыл сайынғы ақпарат, есеп) «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабына сәйкес дайындалды.

Айта кету керек, заң шығарушылар 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнайы Заңды қабылдаумен бірқатар жүйелі міндеттерді шешті.

Атап айтқанда, бірақ төмендегілермен шектелмейді:

- құқықтық қатынастардың субъектілері анықталды;

- заңсыз иемделген активтерді анықтау, пайда болуын растау және қайтару тетіктері реттелді;

- заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандырудың басымдығы белгіленді;

- активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдау көзделді.

Жыл сайынғы ақпаратты дайындау мен жариялаудың мақсаты активтерді қайтару жөніндегі қызметінің жариялылығы, ашықтығы және есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету болып табылады. 

Заң 2023 жылдың 12 шілдесінде қабылданды, түпкілікті сол жылдың 17 қыркүйегінде күшіне енді. Тиісінше, оның механизмдері енді ғана қолданыла бастады.

Дегенмен жыл сайынғы ақпарат Заңға сәйкес алғашқы нәтижелерді (оның ішінде 2024 жылдың басы), сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл бойынша бұрын жүргізілген жұмыстың қорытындыларын да қамтиды.

НЕГІЗГІ БӨЛІГІ

  1. Бөлім

Заңсыз иемденілген активтерді анықтау және қайтару бойынша шаралары

Активтерді қайтаруға бағытталған шараларға мыналар жатады: іздеу (ашып көрсету), активтердің шығу тегін растау шаралары, алдын ала уақытша шаралар, уақытша шаралар, активтерді ерікті немесе мәжбүрлеп қайтару шаралары, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару және басқа да шаралар.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі - Комитет) активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға және қайтаруға қарсы іс-қимыл жасау үшін бірқатар мониторингтер мен талдаулар жүргізді.

Олардың қорытындысы бойынша Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Заң субъектілерінің тізіліміне қажетті өлшемшарттарға сәйкес келетін адамдарды енгізді.

Осы тұлғаларға қатысты Комитет олардың активтерін иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын анықтау үшін талдау және тексеру шараларын жүргізеді.

Тізілім субъектілері тиісті хабарламалар алды. Олардың кейбіреулері активтерді ашып көрсету туралы ішінара декларациялар тапсырды. Оларды зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Әрбір субъект бойынша шетелдік юрисдикцияларға сұрау салулар жолданды.

Қазақстандағы және шетелдегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілері, миллиондаған АҚШ долларын құрайтын бағалы қағаздар бойынша талдау жүргізілуде, банктік транзакциялар, ірі кен орындары бойынша келісімшарттар зерделенуде. 

Елімізде 1 мыңнан астам және шетелде 100-ден астам мүлік объектілері, 460 теңгенің бағалы қағаздары туралы мәліметтер талдануда.

Елде 144 және шетелде 138 банктік шоттар анықталып, талдамалық іс-шаралармен 250 мыңнан астам транзакция, оның ішінде 1,6 трлн теңгеге күдікті операциялар қамтылды.

Активті елден шығару немесе түрлендіру, оған ауыртпалық салу тәуекелі туындаған не активтерді мемлекетке қайтаруды қиындататын немесе мүмкін етпейтін өзге де мән-жайлардың туындау тәуекелі болған жағдайда Комитет алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау мақсатында сотқа арыз беруге құқылы (Заңның 16-бабы).

Осы құқығын пайдалана отырып, Комитет сотқа 10 арыз берді. Олар бойынша соттар Тізілімге енгізілген субъектілердің және олардың аффилиирленген тұлғаларының активтеріне қатысты 150 миллиард теңгеден астам сомаға мүлікке қатысты алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдады.

Комиссия қарағаннан және мақұлдағаннан кейін Комитет сотқа пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мүлікті мемлекет кірісіне қайтару туралы алғашқы талап қою арыздарын берді. Олардың ішінде ұлттық және шетел валютасындағы ақшалай қаражат, зергерлік бұйымдар мен брендтік аксессуарлар, тарихи және мәдени құндылығы бар объектілер, коммерциялық жылжымайтын мүліктер.

***

Комитет активтерді қайтару саласындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты да нығайтуда.

Бірқатар жобалар (нормалар мен тетіктерді жетілдіру; семинарлар мен тренингтер; халықаралық іс-шараларға қатысу және т.б.) БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен іске асырылуда.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Дүниежүзілік Банктің ұрланған активтерді (StAR) қайтару жөніндегі бастамасымен өзара іс-қимыл жолға қойылған.

Еуропа Кеңесі Комитетке деректерді іздеу, жинау, талдау және визуализациялау бойынша IT-өнімін ұсынады.

Адам құқықтары және Еуропа Кеңесі заңының Үстемдігі жөніндегі Бас дирекциямен активтерді қайтару мәселелері бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және орындау туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.

ЕҚЫҰ Комитетке халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарту арқылы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге жәрдем көрсетуде.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, активтерді қайтару бойынша жеке кешенді жобаны іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Комитет Қазақстан Республикасының атынан Интерполдың активтерді іздеу және қайтару жөніндегі жаңа құралды – «Күміс бюллетень» және «Күміс хабарлама» әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды және қызметіне белсенді қатысуда.

Бұдан басқа, globe Network жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел желісіне мүшелік алынды. Сұраныстар мен ақпарат алмасу үшін осы желісінің байланыс арнасы «Threema» орнатылды.

Комитеттің «CARIN» желісіне тікелей қатысуы туралы мәселе пысықталуда. Бүгіннің өзінде «ARIN-AP» және «ARIN-WCA»-да Комитеттің байланыс офицерлері бар.

Негізгі юрисдикциялар айқындалып, екіжақты ынтымақтастық нығайтылуда. Бұл мүдделі елдермен активтер мен олардың бенифициарлары туралы жедел ақпаратпен алмасуға, заңсыз шыққан мүлікті бірлесіп белгілеуге, оларға тоқтам қоюға және оларды тәркілеу жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Мысалы, 2024 жылдың 2-тоқсанында БАӘ-ге бару арқылы екі елдің тәжірибесін, соның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, активтерді қайтару бойынша мақсатты іс-шара өткізіледі.

Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық желісі бойынша барлық осы шаралардың мақсаты - Комитеттің сыртқы контурдағы мүмкіндіктері мен әлеуетін арттыру, озық тәжірибемен алмасу, стандарттарды зерделеу және активтерді қайтару тетіктері мен тәсілдерін одан әрі жетілдіру.

  1. Бөлім

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша негізгі нәтижелер

Құқық қорғау, арнаулы және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 1 триллион теңгеден астам сомаға заңсыз иемденілген активтер қайтарылды.

2023 жылы 360 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды, оның 66,8 миллиард теңгесі талап қою жұмысы аясында.

Шетелдік серіктестермен қалыптасқан байланыстардың арқасында шетелден 589 миллион АҚШ долларын, оның ішінде 2023 жылы 14,1 миллион АҚШ долларын қайтару мүмкін болды.

Мемлекетке қаражаттан бөлек, қонақүйлер, кеңсе ғимараттары, мейрамханалар, бизнес орталықтары, элиталық жер телімдері, базарлар, теміржол жолдары, қымбат зергерлік бұйымдар және т.б. қайтарылды.

Мәселен, прокуратураның шараларымен Сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне қатысу үлесінің 50 пайызы мемлекетке оның мүддесінде Атырау мұнай өңдеу зауытына қайтарылды. Көрсетілген үлесті сатып алудың шарттарын бұзғаны үшін «Joint Technologies» компаниясына 1,7 миллиард теңгеге айыппұл салынды.

Сонымен қатар Парктің сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудегі нарықтағы үстем жағдайын басқа қатысушыларының мүдделеріне нұқсан келтіре отырып теріс пайдалануының жолы кесілді.

Прокурорлық шаралардың нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның отын қоймаларын - үздіксіз тасымалдау процесін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар теміржол объектілерін мемлекет меншігінен алу жөніндегі мәмілелер жарамсыз деп танылды.

Прокуратура органдарының бастамасы бойынша жекешелендіру туралы күші жойылған мәмілелердің қатарында, мысалы, «832 КИ автожөндеу зауыты» АҚ-ның 100% акциясы, «Низа-БН» ЖШС-нің 65% үлесі (Алматыдағы «көтерме сауда орталығы»), Алматы ауыр машина жасау зауытының 31,9% акциясы және басқалары бар.

Олигополия өкілдерінің пайдасына заңсыз берілген мемлекеттік мүлікті қайтару туралы прокурорлардың 40-тан астам талап қою арыздары қанағаттандырылды.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс шеңберінде қаржылық-өнеркәсіптік топтардың неғұрлым тартымды жер учаскелерін заңсыз иеленуінің көптеген фактілері анықталды. 

Прокурорлардың шараларымен Астанада бұрын «Astana Real Property» және «Astana Lux Retail» компанияларына тиесілі «Keruen» сауда орталығының жанындағы 1,3 гектар жер телімдері қайтарылды.

Алматыда «Достық Строй» ЖШС-нің ауданы 3,8 га учаскесін (нарықтық құны 6,4 млрд теңге, Алматының тарихи орталығында орналасқан), «Omirex» компаниясына заңсыз берілген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жерлерінің бір бөлігін мемлекетке қайтару қамтамасыз етілді.

Маңғыстау облысында ауданы 255 га (нарықтық құны 2,6 млрд. теңге) «Teniz Service» ЖШС-нің 4 жер телімі, сондай-ақ Каспий теңізінің бойында орналасқан «Caspian Rivera» және «Oil Real Estate» компанияларының 220 га жері (құны 3,6 млрд теңгеден астам) сот тәртібімен мемлекет пайдасына өтті.

Жалпы, активтерді қайтару жұмыстары аясында олигополия субъектілерінің бақылауындағы ұйымдар заңсыз алған және/немесе мақсаты бойынша пайдаланбаған 470 мың гектардан астам жерлер мемлекетке қайтарылды.

Негізсіз табыстарды алудың бір жолы - салық төлеуден жалтару, оны төмендету. 

Осы тұрғыда прокуратураның ден қою шаралары бойынша мемлекеттік кірістер органдары миллиардтаған теңгеге қосымша салық төлемдерін өндірді.

«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-дан 3 млрд теңге, «Kaz Minerals Aktogay» ЖШС-нен 8,2 млрд теңге салық, «Жайықмұнай» ЖШС-нен 9 млрд теңге және т.б. өндірілді.

Бұдан басқа, шикі мұнай мен ілеспе газ өндіруді жүзеге асыратын «Жайықмұнайда» 38 млрд теңгеден астам өтелетін шығындарға негізсіз жатқызу фактілері анықталды, нәтижесінде мемлекеттің мұнай пайдасынан үлесі төмендетілді. Қадағалау актісі бойынша аталған сома компанияның пайдасына мемлекет өтейтін шығындардан алынып тасталды. 

Мәселен, «Соколов-Сарбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қосымша 3 млрд теңге, «Kaz Minerals Aktogay» ЖШС 8,2 млрд теңге, «Жайықмұнай» ЖШС 9 млрд теңге төледі.

Шикі мұнай мен ілеспе газ өндіретін «Жайықмұнайда» 38 миллиард теңгеден астам өтелетін шығындарға негізсіз жатқызу фактілері анықталды, нәтижесінде мемлекеттің мұнайдан түсетін пайданың үлесі төмендеген. Қадағалау актісі бойынша көрсетілген сома мемлекет компанияның пайдасына өтейтін шығындардан алынып тасталады.

Жоғарғы Сотпен бірлесіп олигополия субъектілерімен байланысты істер бойынша бірыңғай сот практикасы қалыптасуда.

Бас Прокурордың наразылықтары бойынша жоғары сот сатысы бұрын олигополия субъектілерінің пайдасына 24 млрд теңге сомаға шығарылған 29 сот актісінің күшін жойды.

Бұл магистральдық және кірме теміржол жолдарын қайтаруға, жол жүру тарифтерін төмендетуге, мемлекет мүдделерін 20 миллиард теңгеден астам сомаға қорғауға мүмкіндік берді.

Мәселен, Жоғарғы Сот «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес компаниясынан «Армания» ЖШС-нің пайдасына 1,3 млрд теңгені өндіру туралы сот актісінің күшін жойды. Ақша Астанадағы «Duman» қонақүйін жөндеуге өтемақы ретінде заңсыз берілген болатын.

***

Заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың негізгі бөлігін қылмыстық іс жүргізу шеңберінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қамтамасыз еткен, олардың жекелеген сандары мен мысалдары төменде келтірілген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы басшылығына қатысты бірқатар қылмыстарды, соның ішінде сыбайлас жемқорлықты жасағаны үшін қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында мемлекет пайдасына 10 миллиард теңге мен 24 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны өндірді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тек «Қазақтелеком» АҚ-ның,  «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның активтерін ұрлау, «TechAlliance» ЖШС салықты төлемеу және т.б. бойынша 730 миллиард теңгеден астам соманы қайтарды.

«ӨКМ Операторы» ЖШС-нің қызметіне қатысты іс бойынша 180 миллиард теңгенің ұрлануының алдын алды, сот ескі көліктерді қайта өңдеу зауытының (Қарағанды) мүліктік кешенін тәркілеу туралы шешім қабылдады. 

Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық істі тергеу аясында олигополия субъектілері бақылайтын, қазақстандық газды шетелге жоғары бағамен қайта сатқан шетелдік компаниялардың делдалдық қызметін тоқтатты. Жүздеген миллион АҚШ долларының ресурстары мемлекет пайдасына қайта бағытталды.

Іске қатысы барлар 90 миллиард теңгені құрайтын компаниялардың акцияларын мемлекет меншігіне өз еркімен берді («Phystech II», «Азиягаз Чунджа», «Комфорт Отель Астана», «Алмтрэйд» ЖШС және т.б.).

Бұл активтерге, мысалы, қоры 2,6 миллион тонна мұнай және 13,2 миллион текше метр газ қоры бар, құны 35,4 млрд теңге болатын «Қаражанбас Солтүстік» кен орны кіреді.

Қылмыстық істер аясында, оның ішінде шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына ондаған миллиард теңге аударылды.

***

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ірі қаржы-өнеркәсіп топтарының компанияларына қосымша 100 миллиард теңгеден астам салық есептеді.

Нәтижесінде, мысалы, «Kaz Minerals Bozhakol» ЖШС бюджетке 38,2 млрд теңгені, «Шұбаркөл Көмір» АҚ 7,3 млрд теңгені, «Қазақстан алюминийі» АҚ 2,36 млрд теңгені, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ 1,48 млрд теңгені төледі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі олигополия субъектілерінің компанияларынан тауарларды сатудан негізсіз бас тартқаны, монополиялық жоғары баға белгілегені және монополияға қарсы заңнаманы басқа да бұзғаны үшін 4,2 млрд теңгеге айыппұл өндірді.

Атап айтқанда, локомотивтерге дизельдік отынды қабылдау, сақтау, құю бойынша қызметтер кешенін көрсету кезінде монополиялық жоғары бағаны белгілегені үшін «ТЭК-Қазақстан» ЖШС-нен 1,67 млрд теңге, «ҚазГерМұнай» БК» АҚ-дан сұйытылған мұнай газын көтерме сату кезінде монополиялық жоғары бағаны белгілегені үшін 1,27 млрд теңге өндірілді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық бөлімшелері экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін есепті санаттағы компанияларға 4 млрд теңгеге айыппұл салды.

III. Бөлім

Қайтарылған қаражатты пайдалану

Заңның мақсаттарының бірі қайтарылған активтерді мемлекеттің экономикалық айналымына тиімді тарту және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.

Ақша, соның ішінде қайтарылған мүлікті сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жобаларын қаржыландыру мақсатында Арнайы мемлекеттік қордан жинақталып, жұмсалады.

Арнайы мемлекеттік қорға қаражаттың түсуі мен жұмсалуы туралы ақпаратты бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жариялайды.

Алайда, Заң 2023 жылы қысқа мерзімде қолданыста болғандықтан және тиісінше активтерді ерікті және/немесе мәжбүрлеп қайтару процестері бастапқы кезеңде болғандықтан, аталған қорға түсімдер болған жоқ.

Өз кезегінде, әлеуметтік-экономикалық салаларда дәстүрлі тетіктер мен тәсілдер шеңберінде қайтарылған мүлік халықтың игілігі үшін пайдаланылды және/немесе пайдалану жоспарлануда. 

Білім министрлігінің мәліметі бойынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына түскен қаражатқа, оның ішінде активтерді қайтару нәтижесінде жалпы сомасы 134 млрд теңгені құрайтын 46 мың оқушыға арналған 82 мектеп құрылысы қаржыландырылды.

24,8 мың оқушыға арналған 37 мектеп пайдалануға берілді. 2024 жылдың соңына дейін тағы 25 мектеп пайдалануға беріледі.

«ӨКМ Операторы» ЖШС-нің 180 миллиард теңге қаражатының ұрлануының жолын кесу есебінен: халықты жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы; агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің құрал-жабдықтарды лизингке алу; еліміздің өңірлеріндегі автобус паркін жаңарту; өндірістік жобалар қаржыландырылды.

«Көлік қызметі орталығы» АҚ-ның активтерін қайтару нәтижесінде бизнес үшін кірме жолдар қызметтерінің құны 15 есеге төмендетілді.

 «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің қатысу үлесінің 50%-ын қайтару оның бәсекелестікке қарсы қызметін тоқтатуға және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудегі нарықтың басқа қатысушыларының мүдделерін қорғауға мүмкіндік берді.   

Жетісу облысындағы көлік-логистикалық орталықты мемлекетке беру арқылы қазақ-қытай шекарасындағы кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып, УСҚ-ның өткізу қабілеті 6 есеге ұлғайып, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет пайдасына берілген жер телімдері мен басқа да жылжымайтын мүліктер ел халқының мүддесі үшін пайдалануда.

Мысалы, Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарындағы тартып алынған жерлер халықтың және тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін берілді. Бұл шаралар жайылым тапшылығын азайтты.

 

Алматыдағы «Майсат» бизнес орталығының ғимараты (Көлік және коммуникациялар министрлігінің бұрынғы ғимараты) География және су қауіпсіздігі институтының пайдалануына беріледі.

Алматыдағы мемлекетке қайтарылған «Қайсар Плаза» кеңсе ғимаратын жалға беруден ай сайын 500 миллион теңгеден астам табыс мемлекеттік бюджетке қайта бағытталуда.

Алматыдағы қайтарылған жер телімдерінің бірінде 240 балаларға арналған мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілетін жаңа балабақша салу жоспарлануда.

Жалпы, уәкілетті органдар қайтарылған активтерді қоғам мен мемлекет мүддесі үшін тиімді айналымға енгізу және пайдалану бойынша шаралар кешенін қабылдауда.  

Қорытынды

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңы Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқық үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, халқымыздың игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Заңның нормаларын іске асыру және арнайы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында 2023 жылдың қазанда айында Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды.

Бұл ретте заңсыз ұрланған және шығарылған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары Заң қабылданып, уәкілетті орган құрылғанға дейін де басталған.

Есепте көрсетілгендей, бірлескен жұмыстың нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген 1 триллион теңгеден астам мүлікті мемлекетке қайтару мүмкін болды.

Заңның қабылдануымен активтерді қайтарудың жаңа тетіктері мен құралдары сынақтан өткізіліп, Заңмен қамтылған тұлғалармен белсенді бақылау-талдау жұмыстары жүргізілуде.

Ерікті және/немесе мәжбүрлеп қайтарудың нақты әдістерін қолдану басталды (пайда болуы түсініксіз активтер туралы талап қою, кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім, активтерді ерікті түрде беру туралы келісім). 

Беделді халықаралық ұйымдар мен басқа да шетелдік серіктестер тарапынан осы саладағы қазақстандық бастамаларды түсіну және қолдау бар.

Осылайша, ұрланған және басқа да заңсыз шығарылған қаражатты анықтау және мемлекет меншігіне қайтару бойынша мемлекеттік органдармен басталған жұмыстар белсенді түрде қарқын алуда.

Бұл жұмыс жүйелі негізде жүргізілуде және жинақталған тәжірибені ескере отырып озық халықаралық тәжірибеге негізделген заңнаманы одан әрі жетілдіру арқылы кеңейтілетін болады.

Қабылданған шаралар туралы ақпарат Заң талаптарына сәйкес жыл сайын халыққа ұсынылатын болады.

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Активтерді қайтару жөніндегі комитеті