
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінде БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының (ЕҚБ) Орталық Азиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақтық кеңесшісі Владимир Козинмен және Қазақстан Республикасындағы БҰҰ ЕҚБ бағдарламалық кеңсесінің басшысының м.а. Мәдина Сариевамен кездесу өтті.
Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков БҰҰ ЕҚБ өкілдеріне заңсыз жолмен алынған активтерді іздеу, анықтау, тәркілеу және қайтару саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді.
Осы бастамаларды іске асыру мақсатында тараптар активтерді қайтару саласындағы барлық негізгі аспектілерін қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы келісімге келді.
БҰҰ ЕҚБ тарапынан Комитетке заңнаманы жетілдіру бойынша консультативтік көмек көрсету; практикалық тренингтерді ұйымдастыру; ақпаратты жинау, өңдеу және алмасу бойынша бизнес-процестерді жақсартуға ықпал ететін технологияларын енгізу; жаһандық және аймақтық деңгейде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлануда.
Дүниежүзілік Банк пен БҰҰ ЕҚБ ұрланған активтерді қайтару (StAR) бастамасының аймақтық кеңесшісі ретінде В.Козин Комитеттің StAR бастамасының үдерістеріне қатысуына, сондай-ақ активтерді қайтарып алу үшін шетелдік өкілдіктермен тікелей байланыстар орнату және екіжақты ынтымақтастықты арттыруына қолғабыс көрсетуге мүдделілік танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға және БҰҰ ЕҚБ және Комитеттің іс-шаралар жоспарын бекіту мен жүзеге асыруды жеделдетуге дайындығын білдірді.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының
Активтерді қайтару жөніндегі комитеті