Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі - Комитет) өзінің қызметкерлері үшін БҰҰ Есірткіге және қылмысқа қарсы күрес басқармасының (бұдан әрі - БҰҰ ЕҚКБ) қолдауымен қылмыстық активтерді тиімді қадағалау және тыйым салу тақырыбы бойынша семинар-тренинг ұйымдастырды.
Қаржылық тергеу, мүлікті іздеу және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес саласындағы халықаралық сарапшы Игорис Кржечковскис спикер болып сөйледі.
Екі күндік іс-шара аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының негізгі тармақтары және мүлікті іздеу, тыйым салу және Қазақстан Республикасына қайтару саласындағы халықаралық стандарттарды енгізуге қатысты мәселелер талқыланды.
Семинар-тренингте Кржечковскис мырза нақты практикалық жағдайларды мысалға ала отырып, заңсыз алынған активтерді анықтау, нақты кіріс көздерін анықтауға мүмкіндік беретін тұлғаның шығыстары туралы мәліметтерді жинау және талдау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының озық тәжірибесімен бөлісті.
Сарапшы активтерді іздеудегі ведомствоаралық ынтымақтастықтың және шетелдегі мүлікті анықтауға және тыйым салуға бағытталған жедел халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша тыңдаушылар Кржечковскис мырзаға интерактивті талқылаулар өткізгені және активтерді қайтару жөніндегі кеңселер арасындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға қатысу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.
Комитет пен БҰҰ ЕҚКБ 2024 жылы қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлады.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Активтерді қайтару жөніндегі комитеті