Нидерланд Корольдігі делегациясымен кездесу туралы

Нидерланд Корольдігі делегациясымен кездесу туралы

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілдері Қазақстан Республикасындағы Нидерланд Корольдігінің Елшісі жоғары мәртебелі Нико Шермерс бастаған Лейден заң мектебінің профессоры Пинар Олчер ханыммен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар активтерді қайтарудың жаһандық жүйесін нығайтудың және екі ел арасында неғұрлым тиімді ақпарат алмасуды белгілеудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, жетекші профессорлар мен халықаралық практик-сарапшылардың оқыту тренингтері арқылы Комитет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлігінде ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Профессор Олчер Лейден заң мектебі мен Индонезия Республикасы біліктілік орталығының зерттеу нәтижесінде алынған активтерді қайтару және қылмыстық іс жүргізу туралы тәжірибелерімен бөлісті.

Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков профессор Олчер ұсынған активтерді қайтарудың баламалы тетіктері мен тәсілдерін зерделеу және одан әрі қолдану қажеттігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға өзара қызығушылық танытты.

Бастапқы кезеңде Лейден заң мектебінің мүдделі серіктестері мен ғылыми топтарының қатысуымен Комитет қызметкерлері үшін базалық тренингтер ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Ұзақ мерзімді перспективада Индонезия Республикасының тәжірибесіне ұқсас Қазақстанда активтерді қайтару жөніндегі құзыретті орталығын ашу мүмкіндігімен жобаларға бастамашылық жасау ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Активтерді қайтару жөніндегі комитеті