
Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің өкілі Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің төрағалығымен Гаага қаласында (Нидерланд Корольдігі) өткен CARIN желісінің Жыл сайынғы жиналысына қатысты.
Іс-шараға 60-тан астам елдің активтерді қайтару жөніндегі офистерінің байланыс офицерлері мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Жиналыс барысында заңсыз иемденілген активтерді іздестіру, тыйым салу және қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың, CARIN желісін пайдаланудың тиімділігін арттырудың, сондай-ақ азаматтық тәркілеу институтын қолданудың өзекті мәселелері талқыланды.
ARIN желісі мен Интерполдың «Күміс хабарлама» пилоттық жобасының мүмкіндіктеріне жеке назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша 2026 жылы осындай келесі жиналысты Рига қаласында (Латвия Республикасы) өткізу туралы шешім қабылданды.
Айта кету керек, іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен Ирландияның Қылмыстық активтермен күрес жөніндегі бюросы (CAB) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат активтерді қайтару саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, соның ішінде тәжірибе алмасу мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.
Тараптар алға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін екі мемлекеттің ведомстволары арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.