Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
2025 жылғы 14–15 наурызда Италияның Венеция қаласында Еуропа Кеңесі жанындағы Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венециандық комиссия) 142 пленарлық отырысы өтті. Шараға Комиссия мүшелері, конституциялық соттардың төрағалары мен судьялары, әділет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ 66 елден, оның ішінде Қазақстаннан келген жетекші заңгерлер мен ғалымдар қатысты.
Қазақстан Республикасынан бұл отырысқа Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова мен Конституциялық Сот Аппараты құрылымдық бөлімінің басшысы Эльмира Қалиева қатысты.
Отырыс барысында Венециандық комиссияның мүшелері Арменияда қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету мақсатында мүлікті иеліктен шығару туралы заң жобасы, Грузиядағы сайлау, жиналыстар мен демонстрациялар мәселелері, Босния және Герцеговинадағы Жоғары сот және прокурорлар кеңесі, сотталғандарды мәжбүрлі түрде нашақорлықтан емдеуге жіберу туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы, Қырғызстандағы отбасыдағы зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң, сот жүйесі, судьялар мен прокурорлардың мәртебесі және олардың тәртіптік жауапкершілігі, Косово әділет академиясы, Молдова Конституциялық Соты туралы заң, Солтүстік Македонияның қоғамдық өмірде және сот процестерінде аз ұлттар тілдерін пайдалану жөніндегі халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкестігі, сондай-ақ Перудің Конституциясының 99-бабына сайлау органдары мүшелерінің есептілігіне қатысты түзетулер бойынша қорытындыларды қарастырды.
Елдік қорытындыларды талқылаудан басқа, Комиссия баламалы (әскери емес) қызмет бойынша Украинаның Конституциялық сотына Amicus Curiae сараптамалық пікірін және Румынияның тәжірибесі негізінде Конституциялық соттың сайлау нәтижелерін жою туралы шұғыл пікірін қабылдады және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының 2289(2025) ұсынысына «Жекеменшік әскери және қауіпсіздік компанияларының адам құқықтары мен құқық үстемдігіне төндіретін қауіптерін жою: оларды жан-жақты реттеуге шақыру» мәселесі бойынша түсініктемелерін мақұлдады.
Комиссия әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, электрондық мониторинг және дербес деректерді қорғау саласындағы Еуропа Кеңесінің халықаралық стандарттарын ескере отырып, Қырғызстанның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы түзетулер жобасына оң баға берді. Комиссия мүшелері халықаралық стандарттар әйелдердің физикалық, жыныстық немесе психологиялық тұтастығына, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне қол сұғудың барлық түрлері қылмыстық жазаға тартылуы керек екенін анық көрсетеді.
Қорытындыны талқылау барысында Венециандық комиссия құқықтық айқындылықтың, оның ішінде заңдардың қолжетімділігі мен болжамдылығы құқық үстемдігінің басты қағидаттарының бірі екенін ерекше атап өтті. Заңдар түсінікті, нақты және анық тұжырымдалуы тиіс.
Молдова Конституциялық сотының қызметі туралы заң жобасын халықаралық стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкестігін тексеру кезінде Комиссия Конституциялық соттың рөлі Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етумен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті. Барлық заңдар мен үкіметтің әрекеттері конституциялық нормаларға сәйкес келуі керек.
Отырыс аясында Зимбабве Жоғарғы Сотының Төрағасымен, Африка елдерінің Конституциялық юрисдикциялары конференциясының (CJCA) Төрағасымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) өкілдерімен, Еуропа Кеңесінің Министрлер комитетімен, Парламенттік ассамблеямен және басқа да халықаралық құқық қорғаушы ұйымдардың өкілдерімен пікір алмасу өтті. Конституциялық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық деңгейде өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды.
Қазақстанның мұндай халықаралық шараларға қатысуы еліміздің ұлттық құқықтық жүйесін жетілдіруге және халықаралық стандарттарға сәйкес демократиялық институттарды нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.
https://www.venice.coe.int/webforms/documents/default.aspx?pdffile=CDL-PL-OJ(2025)001ann-rev-e