Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында оның қорытынды шешімдерін орындауды заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Шараға Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігі және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева тақырыптың өзектілігін конституциялық әділеттің тиімділігін арттыру және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында мемлекеттік органдардың шешімдерді іс жүзінде орындау жауапкершілігі тұрғысынан атап өтті.
Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде қатысушылардың назарын «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның 63-бабына аударды. Онда конституциялық бақылау органы шешімдерінің құқықтық салдары айқындалған.
Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов баяндамсында заңда көзделген тетік барлық мемлекеттік органдар мен соттар үшін міндетті болып табылатынын атап өтті. Ол құқық қолданушылардың құзыретіне қатысты басқа да нормативтік құқықтық актілерде Конституциялық заңмен бекітілген құқықтық салдарларды имплементациялау қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде норма шығармашылық мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде тиісті заңнамалық ұсыныстарды талқылау жалғасып жатыр.