
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Мемлекет басшысы 28 қаңтарда «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
Депутаттар атап өткендей, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және осындай адамдар үшін қолжетімді форматтарда жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осы орайда, 2024 жылы Конституциялық Сот Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Кеңсесімен және БҰҰ Юнисеф Балалар қорымен бірлесіп, 2022 жылғы республикалық референдумның нәтижесінде қабылданған еліміздің Ата заңының мәтініне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін оны көру қабілеті нашар және соқырлығы бар адамдар үшін қазақ және орыс тілдерінде Брайль әліпбиінде басылып шығару жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асырғанын еске саламыз. Конституцияның Брайль әліпбиіндегі ресми басылымдары алғаш рет дайындалып, Қазақстан Республикасының 17 арнайы білім беру мекемесіне және 41 кітапхана жүйесінің бөлімшесіне 280 дана көлемінде берілді.
Қазіргі уақытта БҰҰ Юнисеф Балалар қорының қолдауының арқасында 166 кітаптан тұратын еліміздің Ата заңының қосымша тиражы шығарылды. Оларды көру қабілеті бұзылған адамдарды қолдайтын мекемелер мен ұйымдарға беру жоспарлануда. Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен брифинг барысында бұл бастаманы әсіресе адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерге қатысты басқа мемлекеттік органдардың, жалғастыруының маңыздылығы атап өтілді.
Марракеш шарты 2013 жылы 27 маусымда Марракеште (Марокко) қабылданды, авторлық құқық жөніндегі халықаралық шарттар жүйесінің бөлігі болып табылады, оның әкімшілік функцияларын жүзеге асыру Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына жүктелген. Оның басты мақсаты – зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі адамдардың мүдделері үшін бірқатар міндетті шектеулер мен ерекшеліктерді айқындау.