
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сотқа Жер кодексінің 54-бабы 1-тармағының, Жоғарғы Соттың «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» 2008 жылғы 10 шілдедегі № 2 нормативтік қаулысының 10-4-тармағының, Жоғарғы Соттың «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 12-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен екі азамат жүгінді.
Өтініш авторлары дауланып отырған нормалар жер учаскесінің меншік құқығы мен үлесіне билік ету құқығын шектейді деп есептейді. Олардың пікірінше, меншікке билік ету құқығы меншік құқығына байланысты емес, үлестік меншікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Олар уәждерін растау үшін өздері келіспеген құқықтарын жүзеге асырудың нақты мән-жағдайларын және заңды күшіне енген сот шешімдерін көрсетті.
Конституциялық Сот ұсынылған материалдарды зерделей отырып, өтініш субъектілері меншікке билік ету және сот арқылы қорғалу Конституцияда бекітілген құқықтарын іске асырғанын, ал көрсетілген нақты мән-жайлар дауланып отырған құқықтық нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіз бола алмайтынын атап өтті.
Осыған байланысты Конституциялық Сот тек құқық мәселелерін шешетінін және жүгінуге себеп болған нақты мән-жайларды анықтау соттар мен басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретіндіктен, оларға баға бермейтінін еске салды.