
Конституциялық Сотқа «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 14-бабы 2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш түсті.
Осы нормаға сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдары шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруді келісуден бас тартуға негіз болған себепті түсіндірмеуге құқылы.
Өтініш иесі мұндай тұжырым ұлттық қауіпсіздік органдарына ерікті түрде әрекет етуге мүмкіндік береді деп санайды. Заң шығарушының уәкілетті органға өтініш субъектісі есептегендей дискреция беруі ақпарат алу және сот арқылы қорғау құқығын бұзады.
Конституциялық Сот өтінішті зерделеу нәтижелері бойынша адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен ғана, және тек конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажет шамада шектелу мүмкіндігін көздейтін Конституцияның 39-бабына назар аударды. Аталған норма әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау құқығын шектемейді. Конституциялық Сот оның тек құқық мәселелерін шешетінін және өтініш жасауға себеп болған нақты жағдайларға баға бермейтінін атап өтті.
Шын мәнінде, өтініш берудің себебі ол баға бермейтін нақты жағдайлар болды. Заңға сәйкес мұндай мәселелерді зерттеу және тексеру уәкілетті органның өзі мен соттың құзыретіне кіреді. Өтініш иесі өзінің сотта қорғау құқығын пайдаланды.
❗Өтінішті алдын ала қарау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот бұл норманың Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жол берілген шарттардың анықталмағанын хабарлады.