Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, Жоғары Сот Кеңесіне және басқа да мемлекеттік органдарға мынаны ұсынды:
- сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлеу мәселелері бойынша заңнамадағы олқылықтарды жою (мөлшерді азайту, төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу және басқалар);
- әкімшілік орталықсыздандыру шеңберінде әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау;
- азаматтардың, оның ішінде ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік құқықтарын іске асыру жөніндегі шараларды күшейту;
- судьялардың кәсіби қызметін бағалау рәсімдері мен өлшемшарттарын жетілдіру;
- қорғалу құқығы бар куә жағдайын құқықтық регламенттеуді нақтылау;
- қылмыстық құқық бұзушылық түріне және қылмыстар санатына қарамастан кассациялық сатыға қол жеткізуді қамтамасыз ету;
- кәсіпкерлік, банктік (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарының белгілеріне толық айқындау беру және аражігін ажырату;
- парақорлыққа алдамшы делдал болудың әртүрлі нысандары бар сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау кезінде сот практикасын қосымша түсіндіруді қамтамасыз ету;
- моральдық зиянды өтеуге қатысты Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) нормаларын және Жоғарғы Соттың тиісті нормативтік қаулысының ережелерін нақтылау бойынша шаралар қабылдау;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесін өзектендіру.