Конституциялық Сотта конституциялық сот төрелігінің «еуропалық моделінің» ерекшеліктері талқыланды

Конституциялық Сотта конституциялық сот төрелігінің «еуропалық моделінің» ерекшеліктері талқыланды

Конституциялық Сот Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің қолдауымен TAIEX INTPA бағдарламасы шеңберінде халықаралық спикерлерді шақыра отырып, «Конституциялық шағымдар және конституциялық сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбында семинар ұйымдастырды.

Шараға КС судьялары мен Аппарат қызметкерлері, Парламент, Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, мемлекеттік органдар, сондай-ақ кәсіби заң және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова кіріспе сөзінде Еуропа елдерінің Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ осы салада табысты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатындағы семинардың маңыздылығын атап өтті. Ол бірлескен ұйымдастырушылардың, соның ішінде Еуропалық Одақ пен TAIEX бағдарламасының, сондай-ақ Испания, Чехия және Польшадан келген спикерлердің ерекше рөлін атап өтті.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын айта отырып, ол халықаралық конференциялар мен семинарларды қоса алғанда, алдыңғы бірлескен шаралар туралы айтып, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың Елшісі Кестутис Янкаускас өз сөзінде Қазақстанның құқықтық жүйені дамыту және адам құқықтарын қорғау үшін жасап жатқан күш-жігерін қолдайтынын білдіріп, бұндай шаралардың осы тұрғыда маңыздылығын атап өтті.

Содан кейін Еуропалық Одақ Сотының судьясы, Польша Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілі, Чехия Конституциялық Сотының Аппарат басшысы және Еуропа Кеңесінің кеңесшісі және Испания Әділет министрлігінің сот кеңесшісінің баяндамалары тыңдалды.

Семинар барысында қатысушылар конституциялық сот төрелігінің өзекті мәселелерін талқылады, Қазақстанда осы салада жинақталған Еуроодақ елдерінің тәжірибесін қолдану мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.