
Судья Еркін Оңғарбаев Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары мен бостандықтары: құқықтық реттеу және жүзеге асыру мәселелері» халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Академиялық қоғамдастық пен азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан шараны Орталық-Қазақстан академиясы ұйымдастырды.
Конституциялық Сот судьясы өз сөзінде конференцияға қатысушыларға Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына негізделген және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына арналған тұтас бір бөлімді қамтитын Қазақстанның Конституциясына ерекше назар аударды.
Оңғарбаев өз баяндамасында конституциялық іс жүргізудің ұлттық тәжірибесін кеңейтіп жатқан Конституциялық Соттың белсенді жұмысы туралы айтты. Ол Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында заңнаманы дамыту үшін маңызды құқықтық ұстанымдарды тұжырымдап, қолданыстағы құқықтан Негізгі заңға сәйкес келмейтін нормаларды алып тастауға әркет етіп жатқанын баса айтты.
Сөз соңында баяндамашы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау үдерісінде биліктің түрлі тармақтарының ғана емес, азаматтық қоғам мен заң ғылымы өкілдерінің де күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.