Астанада Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық конференция өтті

Астанада Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық конференция өтті

Конституциялық Соттың судьялары Эльвира Азимова мен Сергей Ударцев Қазақстан Омбудсмені кеңсесі мен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ұйымдастырған «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Шара ағымдағы жылдың 7-8 желтоқсан күндері өтті.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (бұдан әрі-Декларация) 75 жылдығына арналған конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, ұлттық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сарапшылары һәм түркі мемлекеттерінің омбудсмендері қатысты.

Эльвира Азимова өз сөзінде биылғы жылы адам құқықтары тақырыбының өзі «Баршаға қадір-қасиет, еркіндік және әділдік» ұранымен ұштасып жатқанын және бұл жүзеге асырылып жатқан жобалардың алдыңғы қатарында тұрған жұмысты көрсетеді деп атап өтті. Төраға қатысушылардың назарын қайта құрылған Конституциялық Соттың қарқынды жұмысына аударды, сондай-ақ осы органға тікелей жүгіну мүмкіндігі арқылы азаматтардың, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурордың құқықтарын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Ол конституциялық бақылау – демократиялық және құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты және оны жүзеге асыру құқықтық тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқарады деп есептейді. «Жыл басынан бері Конституциялық Сотқа өз құқықтарын қорғау үшін бес мыңнан астам азамат жүгінген. Оның 27%-дан астамы Конституциялық Соттың судьяларымен қаралып, 36 нормативтік қаулы шығарылды» – деді Азимова.

Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау тәжірибесіне арналған конференцияның бірінші сессиясында Конституциялық Соттың судьясы С.Ударцев баяндама жасады. Судья өз сөзінде декларациясының маңызына тоқталды. Ол бұл құжаттың негізін қалаушыларын – американдық қоғам қайраткері Элеонора Рузвельтті (1884-1962), көрнекті француз заңгері Рене Кассенді (1887-1976) және канадалық халықаралық заңгер Джон Хамфриді (1905-1995) атап өтті. Баяндамада ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы нормативтік қаулыларында Декларация мен басқа да халықаралық актілердің қолданылуына мысалдар келтірілді, сондай-ақ конституциялық бақылау органы халықаралық құқықтық актілердің нормалары өз шешімдерінде назар аударып, сілтеме жасайды, қаралатын мәселелер бойынша өз ұстанымдарымен ажырамас байланыста болады және заңнаманы өзгерту және толықтыру кезінде басшылыққа алады.

Сонымен қатар, Конституциялық Соттың судьясы жасанды интеллектке (ЖИ) байланысты кейбір заманауи сын-қатерлерге назар аударды. Баяндамашы Декларация әлі ұзақ уақыт бойы бағдар ретінде қызмет ететінін және онда көрсетілген адам құқықтары мен бостандықтары адамзаттың, оның ұлттық және халықаралық саяси және құқықтық институттары ЖИ жүйелерімен коэволюциясына қарай жаңа халықаралық актілермен және мемлекеттердің заңнамасымен толықтырылып, нақтылануы мүмкін екенін атап өтті.