
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ұйымдастырған Халықаралық конференция қарсаңында 2023 жылғы 7 желтоқсанда Конституциялық Соттың судьялары Түркияның Бас омбудсмені Шереф Малкочпен кездесіп, адам құқықтары саласында қабылданған шешімдер туралы айтты.
Конституциялық Сот елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында құрылып, өз қызметін 2023 жылдың қаңтарында бастаған болатын.
Конституциялық Соттың судьялары Эльвира Азимова, Бақыт Нұрмұханов және Еркін Оңғарбаев қонаққа қайта құрылған конституциялық бақылау органы қызметінің негізгі аспектілері, оның азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және конституциялық кепілдіктерге сәйкес ұлттық заңнаманы жетілдірудегі рөлі туралы ақпаратпен бөлісті.